$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

Исматулла Мақсұм жасөспірімдерге жыныстық зорлық жасады деп айыпталды

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған тұлғалардың ұйымға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. 

Фото: Инстаграм
Фото: Инстаграм

Ішкі істер министрлігі Исматулла Мақсұмға қатысты тараған мәліметтерден кейін сотқа дейінгі тергеу бастаған. Бұған дейін YouTube арналарында сопылық бағыттағы зікіршілер жамағатының жетекшісіне жасөспірімдерге жыныстық сипатта қысым көрсетті деген айып тағылғаны туралы ақпарат тараған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

ІІМ мәліметінше, қазір жарияланымдарда айтылған деректер мен оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.

«Оның аясында барлық мән-жайлар тексерілетін болады. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – деп хабарлады ведомство.

Бұл жағдай журналист Жанар Байсемізге сұхбат берген Ақылбек Жұмабековтің мәлімдемесінен кейін қоғам талқысына түсті. Ол жамағат ішінде жасөспірімдерге қатысты осындай оқиғалар болғанын айтқан. Бұған дейін белсенді Абзал Достияровқа сұхбат берген адамдар да осыған ұқсас жағдайларды баяндаған.

«Сол жерде (сопылық жамағат арасында) жүргендердің бәрі де бұның шындық екенін біледі. Бірақ ешкім айта алмайды», – деген Жұмабеков Жанар Байсемізге берген сұхбатында.

Исматулла Мақсұмның бұрынғы шәкірттері оның бойында ерекше қасиет бар деп сенгендіктен, алғашында айтылған жайттарға күмәнмен қарағанын жеткізген. Олардың сөзінше, діни жетекшінің қасында күн сайын бір баладан түнеген. Бұрынғы шәкірттердің бірі кейін психикалық дертке шалдыққанын да айтқан.

Сондай-ақ олардың мәлімдеуінше, Исматулла Мақсұм балаларды болған оқиға туралы біреуге айтса, түрмеге қамататынын айтып қорқытқан.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған тұлғалардың ұйымға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта жарияланған айыптаулардың негізділігі мен істің өзге де мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тергеу қорытындысы әзірге жарияланған жоқ. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0