27.10.2026, 16:20

Павлодар облысында үш сәби күйіп қалды

Фото: Pixabay

Медициналық бригадалар шақырту түскен орындарға 9–10 минут ішінде жетіп, балаларға алғашқы көмек көрсеткен.

Өткен демалыс күндері Павлодар өңірінде үш бала күйік шалып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы облыстық жедел медициналық жәрдем стансасынан хабарлады, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы. 

Медициналық бригадалар шақырту түскен орындарға 9–10 минут ішінде жетіп, балаларға алғашқы көмек көрсеткен.

- Павлодар қаласында бес айлық сәби қызып тұрған желім пистолетіне бетінің ұшын күйдіріп алған. Атамекен кентінде тоғыз айлық бала ыстық пешке қолын тигізіп, алақаны мен саусақтарын күйдірген. Ал Кенжекөл ауылында бір жасар бала үстіне ыстық шай құйылған кесені аударып алып, кеуде тұсы күйген. Үш жағдайда да балаларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, олар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, - деп мәлімдеді өңірлік жедел жәрдем стансасынан.

Облыстық жедел жәрдем стансасы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, күйік – сәбилер арасында жиі кездесетін тұрмыстық жарақаттардың бірі.

- Мұндай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ыстық сусын құйылған кеселерді, қосулы электр құрылғыларын және плита үстіндегі ыдыстардың тұтқаларын балалардың қолы жетпейтін жерде ұстау қажет. Сондай-ақ жылыту пештері мен жылытқыштарға қорғаныш қалқандар орнатқан жөн. Балаға қауіпті затқа қолын жеткізу үшін бірнеше секундтың өзі жеткілікті, – дейді маман.

Мамандар ата-аналарды балаларды ыстық заттар мен тұрмыстық электр құрылғыларының жанында қараусыз қалдырмауға шақырады.