Тағы бір адам жарақат алды.
Антальяның Кепез ауданында болған жойқын құйын салдарынан құрылыс алаңындағы 4 жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы Caliber.Az агенттігі жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат поратлы.
Түркияның оңтүстігіндегі Кепез ауданында жойқын құйын құрылыс алаңындағы екі тұрғын үй контейнерін қиратып, кранның құлауына әкелді. Анталья провинциясының губернаторы Хүлуси Шахин құйын салдарынан төрт құрылысшының қаза тапқанын мәлімдеді.
"Құйын екі контейнерді тас-талқан етті", – деді губернатор.
TRT Haber телеарнасының мәліметінше, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған, тағы екеуі ауруханада қайтыс болған. Ал бір адам жарақат алды.
Барлық қаза тапқандар мен зардап шеккендер Түркияның азаматтары екені белгілі болды. Метеорологтар бір күн бұрын елдің бірқатар өңірлерінде, соның ішінде Антальяда дауылды ескерту жариялаған еді.