Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту және фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Президенттің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласы шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен.
Сонымен қатар жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Алайда бөлінген қаражаттың бір бөлігі күнделікті қажеттіліктер мен айналым қаражатын толықтыруға жұмсалып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы шаруалардың алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауына мүмкіндік беретін қаржыландыру жүйесін қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
«Шаруаларға алдағы жұмысын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік беретін кең ауқымды қаржыландыру жүйесі керек. Сондықтан Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған тиімді тетіктерді енгізуді тапсырды.