Қазақстанда жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп, келесі жылдың соңына дейін қабылдануы мүмкін. Бұл туралы Президент мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, қолданыстағы Азаматтық кодекс 1990 жылдары қабылданған және сол кезеңде нарықтық экономиканың негізгі институттарын қалыптастыруға, меншік құқығын қорғауға негіз болған.
Алайда соңғы 30 жылда қоғам мен экономика түбегейлі өзгерген. Президент қазіргі кодекс өтпелі кезеңдегі экономикаға бейімделіп әзірленгенін, ал бүгінгі жағдайда инновациялар мен озық технологияларды дамыту үшін жаңа құқықтық негіз қажет екенін атап өтті.
«Болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Оның пікірінше, жаңа кодекс кәсіпкерлердің, инвесторлар мен азаматтардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс.
Президент Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, құжатты әзірлеуге тез арада кірісуді тапсырды. Сондай-ақ жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың соңына дейін қабылдау жөн болатынын айтты.