28.10.2026, 21:30

Шымкентте екі рет егіз босанған 36 жастағы әйел үшемді дүниеге әкелді

Фото: Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Сәбилердің екеуі — қыз, біреуі — ұл.

Шымкентте бұған дейін екі рет егіз босанған әйел үшемді дүниеге әкеліп, 10 баланың анасы атанды. Осы жолы отбасында екі қыз бен бір ұл дүниеге келді, деп хаабрлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Үшем 17 қыркүйекте Шымкент қалалық перинаталдық орталығында дүниеге келген. Сәбилердің екеуі — қыз, біреуі — ұл. Туған кездегі салмақтары 1740, 1482 және 1730 грамм болған. Ата-анасы оларға Альсия, Сафия және Аймұхаммед есімдерін берген.

Шала туған нәрестелер алғашқы күндері жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінде ем қабылдады. Кейін арнайы күтім бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Мамандардың уақытылы көрсеткен медициналық көмегінің нәтижесінде сәбилердің жағдайы жақсарып, салмақтары біртіндеп артқан.

— Қазіргі уақытта үшемнің жағдайы қанағаттанарлық. Салмақтары екі келіден асқан нәрестелер медициналық көрсеткіштерге сәйкес үйіне шығарылуға дайындалып жатыр, — деп хабарлады Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Үшем дүниеге келгенге дейін отбасында жеті бала тәрбиеленіп келген. Жаңа туған сәбилермен бірге отбасындағы бала саны 10-ға жетіп отыр. Анасы Ажар үй шаруасымен айналысады, ал әкесі Тұрар — жеке кәсіпкер.

Үшемге медициналық көмек көрсеткен дәрігерлер қатарында — ота жасаған Д. Сатов пен анестезиолог Р.Мадусманов бар. Реанимация бөлімінде сәбилерге Ақзат Шолпанқұлова, Перизат Шарипова және Камшат Әмірбекова күтім жасаған. Ал арнайы күтім бөлімінде емдеуші дәрігер Айгүл Симағамбетова мен бөлім меңгерушісі Сандуғаш Нуранова нәрестелердің жағдайын бақылаған.

Тегтер: Үшем Шымкент