Айдың соңына қарай қазақстандықтардың интернет сапасына қатысты шағымы қайтадан әлеуметтік желіде қызу талқылана бастады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Желі қолданушыларының айтуынша, әр айдың 30-31 күндері Beeline интернетінің жылдамдығы күрт төмендеп, байланыс сапасы нашарлайды. Абоненттер қызмет ақысын толық төлегенімен, уәде етілген сапаны ала алмай отырғандарына наразы.
«Қызмет ақысын қыруар ақша төлейміз, бірақ сапасы көңіл көншітпейді», – деп ашынған азаматтар ұялы байланыс операторының жұмысына сын айтып жатыр.
Көпшіліктің сөзінше, бұл мәселе ай сайын қайталанып, әбден мезі еткен. Тіпті кейбір желі қолданушылары тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында операторды жаппай сотқа беруді ұсынып отыр.
«Интернеттің бағасы қымбаттағанымен, сапасы 15 жыл бұрынғы деңгейде қалып қойған», – деп наразылық білдірген жұртшылық байланыс сапасын жақсартуды талап етуде.