Қазақстандағы ең танымал құрылыс компанияларының бірі саналатын BI Group салған «Izbasar» тұрғын үй кешенінен ақау анықталғаны туралы тұрғынның шағымы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. Пәтерін сатып алғанда компанияның беделі мен брендтің атына сенген тұрғын құрылыс сапасына қатысты күтпеген жағдайға тап болған. Балконды жабдықтау кезінде гипсокартонды ашып көргенде, қабырға ішіндегі жылу оқшаулағыш материалдардың ретсіз төселгені, кей жерлерде шашылып жатқаны, тіпті жекелеген тұстарда мүлде жоқ екені байқалған. Бұл жағдай бірқатар маңызды сұрақты туындатады. Егер тұрғындар пәтерді нарықтағы бағадан қымбатырақ төлеп, сапалы құрылыс пен сенімділікке үміт артса, онда сол ақшаның өтеуі қайда? Компанияның танымал атауы құрылыс сапасына берілетін кепілдіктің орнына жүрмеуі керек. BI Group секілді ірі құрылыс компаниясы үшін мұндай шағымға жай ғана назар аудармау жеткіліксіз. Тұрғындар жарнама мен әдемі уәдеге емес, сапалы әрі қауіпсіз баспанаға ақша төлейді. Ал қабырға ішіндегі жылу оқшаулағыштың дұрыс орнатылмауы құрылыс жұмыстарының сапасына күмән келтіреді. Ендігі мәселе – компания бұл жағдайға қандай түсініктеме береді? Анықталған кемшіліктер тексеріліп, ақаулар толық жойыла ма? Әлде тұрғын тағы да өз құқығын өзі қорғауға мәжбүр бола ма?