Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді.
Ташкентте өткен халықаралық Dostlik Cup 2026 турниріне қатысуға барып, уланып, ауруханаға түскен қазақстандық жас футболшылардың басым бөлігі елге қайтып жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес, Өзбекстан астанасында 11 бала мен үш ата-ана дәрігерлердің бақылауында қалып, ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ол Өзбекстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен және команданың бас бапкерімен тұрақты байланыста.
— Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі жағдайды жеке бақылауына алған. Балалар толық сауығып шыққанша Өзбекстанда болады. Ал қалған балалар ата-аналарымен бірге бүгін Қазақстанға қайтады, — деп хабарлады Динара Зәкиева.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы да жағдайға қатысты мәлімет берді. Ведомство турнирге қатысқан командалардың жаттықтырушыларымен үздіксіз байланыста екенін мәлімдеді.
Басқарманың хабарлауынша, Ташкенттегі стационарда 11 бала мен үш ата-ана дәрігерлердің бақылауында.
Бұдан бөлек, сапарға қатысқан 15 адам — спортшылар, ата-аналар мен жаттықтырушылар Ташкент әуежайынан сағат 15:10–да HY721 рейсімен Астанаға ұшып шықты. Қалған қатысушылар 3 қарашада «Түркістан — Павлодар» бағытындағы пойызбен Қарағандыға оралады.