05.11.2026, 16:20

Қазақстандағы фармацевтика ғылымының негізін қалаушы Кеңесбай Үшбаев өмірден өтті

Фото: ҚазҰМУ

Қайғылы хабарды С. Ж. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің баспасөз қызметі жеткізді.

Қазақстанның көрнекті ғалымы, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Кеңесбай Үшбаев 86 жасқа қараған шағында қайтыс болды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қайғылы хабарды С. Ж. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің баспасөз қызметі жеткізді.

— С. Ж. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті Қазақстанның фармацевтика ғылымы мен білімі және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің қалыптасуына, дамуына үлес қосқан ғалымның қайтыс болуына орай қайғыра көңіл айтады, — делінген хабарламада.

Кеңесбай Үшбаев Қазақстан тарихында фармацевтика ғылымдарының докторы дәрежесін алған тұңғыш қазақ ретінде қалды. 1983 жылы ол Орталық Азиядағы алғашқы фармацевтика ғылымдарының докторы атанып, Кеңес Одағында осы ғылыми дәрежеге ие болған он екінші ғалым болды. Бұл жетістік отандық ғылым тарихындағы маңызды кезеңге айналып, фармацевтикалық зерттеулерді дамытуға және ұлттық ғылыми кадрларды даярлауға жол ашты.

Ғалым 60 жылдан астам ғұмырын фармацевтика саласының дамуына арнады. 1965 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, кейін Львов мемлекеттік медицина институтының аспирантурасында білімін жалғастырды. Еңбек жолында оқытушы, кафедра меңгерушісі және Алматы медицина институтының оқу ісі жөніндегі проректоры қызметтерін атқарды.

Ол Қазақстандағы фармацевтикалық мамандықтар бойынша алғашқы диссертациялық кеңестің құрылуына атсалысты. Ғылыми жетекшілігі мен кеңес беруі арқылы 24 ғылым кандидаты және үш фармацевтика ғылымдарының докторы дайындалды. Ғалымның ғылыми мұрасы 150-ден астам жарияланымды, соның ішінде монографиялар мен анықтамалық басылымдарды қамтиды.

— Оның Қазақстанның дәрілік өсімдіктеріне, химиялық-токсикологиялық зерттеулерге және фармацияны ұйымдастыру мәселелеріне арналған еңбектері отандық ғылыми әдебиеттің дамуына елеулі үлес қосты, — деп атап өтті университет өкілдері.

Кеңесбай Үшбаев Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас дәріхана басқармасын да басқарған. Бұл қызметте дәріхана желісін дамытуға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге күш салды.

Сонымен қатар ол Алматы мемлекеттік медицина институтының Шымкент филиалын дербес фармацевтикалық институт етіп қайта құруға жетекшілік етті. Кейін бұл оқу орны Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының негізіне айналды.

Әр жылдары ғалым «КСРО денсаулық сақтау үздігі» және «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген фармацевті» атақтарына ие болды. Сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.