Осы бағдарлама аясында балалар үйірмелері мен спорт секцияларында да Face ID арқылы баланың жеке басын анықтау жүйесі енгізіліп жатыр.
Кеше, 4 қараша күні 30-ға жуық жекеменшік қосымша білім беру ұйымының иесі елорда әкімдігі ғимаратының алдына жиналып, балаларды Face ID арқылы міндетті түрде сәйкестендіру жүйесін енгізуге қарсылық білдірді, деп жазады Sn.kz ақпарат порталы.
Мемлекеттен субсидия алып отырған адамдардың мұндай әрекетін ісін ашық әдепсіздік демеске амал жоқ. Белгілі болғандай, 2025 жылдан бері Астанада балаларға қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты бірыңғай орналастырудың пилоттық жобасы іске асырылып келеді. QOSYMSHA.KZ бағдарламасы арқылы балалар үйірмелерге, шығармашылық студияларға және спорт секцияларына мемлекет есебінен қатыса алады.
Осы бағдарлама аясында балалар үйірмелері мен спорт секцияларында да Face ID арқылы баланың жеке басын анықтау жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл технология сабаққа келмеген балаларды қатысты деп жалған белгілеудің алдын алып, бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді. Яғни жүйе арқылы үйірмеге немесе спорт секциясына шынымен келген балалардың ғана қатысуы тіркеледі.
Бағдарламаның негізгі талаптарының бірі – баланың сабаққа шынымен қатысқанын растау. Ол үшін QR-код пен Face ID сияқты технологиялар арқылы сабаққа қатысуды электронды түрде тіркеу қарастырылған.
Астана қаласының Білім басқармасының түсіндіруінше, бұл жүйе ең алдымен бюджет қаражатының ашық әрі мақсатты жұмсалуын бақылау үшін енгізіліп отыр. Яғни мемлекет қаржысы бөлінетін сабаққа баланың шынымен келген-келмегенін анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, қаржыландырудың ашықтығы артып, бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын бақылау жеңілдейді.
Сонымен қатар балалардың жеке деректерін қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. Білім басқармасының мәліметінше, жеке және биометриялық деректерді жинау мен өңдеу «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сай жүргізіледі. Бұдан бөлек, қолданыстағы жүйе 2025 жылы мемлекеттік техникалық реттеу жүйесі аясында «Инфосерт» ЖШС-нің аккредиттелген сынақ орталығында тексерілген.
Сынақ қорытындысы бойынша хаттамалар жасалып, жүйенің белгіленген талаптарға сай екенін растайтын құжаттар берілген. Қазір бұл жүйе Астанадағы екі жекеменшік қосымша білім беру ұйымында сынақ ретінде қолданылып жатыр.
Жоба аясында қажетті жабдықтар тегін берілген. Оларды сатып алуға қала бюджетінен ақша бөлінбеген. Білім басқармасының мәліметінше, пилоттық жоба басталғалы бері ата-аналар мен балалардан ешқандай шағым түспеген. Ал сабаққа қатысуды электронды түрде растау талабы нормативтік құжаттарда да қарастырылған. Атап айтқанда, бұл талаптар уәкілетті мемлекеттік органдардың 2025 жылғы 28-30 мамырда қабылдаған бірлескен бұйрықтарымен бекітілген.
Құжатта балаларға қосымша білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты бірыңғай орналастыруға арналған пилоттық жобаны іске асыру тәртібі көрсетілген. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, қызмет көрсетушілер арасында жүйені енгізудің мақсаты, оны қолданудың құқықтық негіздері мен балалардың сабаққа қатысуын растау тәртібі бойынша бірнеше рет түсіндіру жұмысы жүргізілген.
Сонымен қатар қосымша білім беру ұйымдарының өкілдеріне арнайы оқыту ұйымдастырылған. Сабаққа қатысуды электронды бақылау тетіктері Астанада бөлек, Қазақстанның өзге де өңірлерінде, оның ішінде Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында енгізілуде. Өкінішке қарай, Қазақстанда түсініксіз жағдай қалыптасқан.
Мемлекеттен субсидия алып отырған жекеменшік білім беру ұйымдарының иелері жұмыс тәртібін реттеп, ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған талаптар енгізілгенде, әкімдік алдына жиналып, наразылық білдіреді.