05.11.2026, 18:15

«Шаңға тұншығып, қауіп астында қалдық»: Атыраудағы сүру жұмыстары тұрғындардың наразылығын тудырды

Фото: видеодан скриншот

Атырау қаласындағы Жасөн Садықов көшесінің тұрғындары ғимараттарды сүру жұмыстарының қауіпсіздік талаптарын сақтамай жүргізіліп жатқанына алаңдаулы, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Олардың айтуынша, мердігерлер құрылыс аумағын тиісті деңгейде қоршамай, шаң-тозаңға тосқауыл болатын шараларды да қолға алмаған. Соның салдарынан тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатер төніп отыр. «Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, Жасөн Садықов көшесіндегі №1 үйдің тұрғыны Таншолпан Сембайқызы редакцияға хабарласып, көршілес ғимараттарды бұзу кезінде қауіпсіздік талаптары ескерілмей жатқанын жеткізген.  

«Қайғылы жағдай орын алса, кім жауап береді?» Тұрғынның сөзінше, үй іргесінде қызу жүріп жатқан сүру жұмыстары кезінде аумақ тиісті деңгейде қоршалмаған. Ал ауыр техниканың қозғалысы тұрғындар, әсіресе балалар күнделікті пайдаланатын жолға қауіп төндіріп отыр. Сонымен қатар құрылыс алаңынан көтерілген шаң-тозаң айналаға таралып, тұрғындардың мазасын қашырған.