$ 451.87 € 507.31 ₽ 5.53

Ташкентте уланған барлық қазақстандық футболшы елге оралды

Сонымен қатар балаларға қажетті консулдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілген.

Фото: tengri sport
Фото: tengri sport

Ташкентте өткен халықаралық турнир кезінде жаппай тамақтан уланып, ауруханаға түскен Қарағанды облысының жас футболшылары толықтай емделіп, Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің мәліметінше, екі елдің денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп жұмыс істеп, жас спортшыларға қажетті медициналық көмек көрсеткен. Нәтижесінде балалардың барлығы ауруханадан шығарылып, елге аман-есен оралған.

Оқиға тіркелген сәттен бастап Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі зардап шеккен балалардың ата-аналарымен, дәрігерлермен және екі елдің жауапты органдарымен тұрақты байланыста болған. Сонымен қатар балаларға қажетті консулдық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетілген.

Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі де жас футболшылардың жағдайы жақсарғанын растады. Балаларды ауруханадан шығарып салған медицина қызметкерлері оларға зор денсаулық пен алдағы жарыстарда жеңіс тіледі.

Еске салайық, Қарағанды облысынан барған жас футболшылар Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне қатысу кезінде жаппай тамақтан уланып, медициналық көмекке жүгінген еді.

Осы оқиғаға байланысты Өзбекстанның Бас прокуратурасы санитариялық заңнама талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0