09.11.2026, 22:30

Ақмола облысында көлік аударылып, бір адам қаза тапты

Фото: akipress.org

Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік жолда аударылып кеткен.

Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бес адам ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің төртеуі – кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жағдай 8 қараша күні Астана – Атбасар – Жақсы тасжолының 329-шақырымында болған. Алдын ала ақпарат бойынша, Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлік жолда аударылып кеткен.

Апат салдарынан жолаушылардың бірі алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы бес адам, оның ішінде төрт бала медициналық мекемелерге жеткізілген.

Полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазіргі уақытта жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жол апатынан зардап шеккендердің жағдайына қатысты ақпарат берді. Ведомство мәліметінше, санитарлық авиация көмегімен 13 және 6 жастағы екі ұл бала мен 11 жастағы қыз бала Көкшетау қаласындағы Көпбейінді облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Әсіресе, 13 жастағы баланың жағдайы алаңдатарлық. Ол қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Ал 35 жастағы әйел мен 1 жас 8 айлық нәресте Жақсы аудандық ауруханасына жатқызылған. Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, екеуінің де жағдайы тұрақты.

Дәрігерлер зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын және олардың денсаулық жағдайы тұрақты бақылауда екенін жеткізді.