10.11.2026, 12:00

«Бірнеше ота жасатты»: Бақытжан Базарбек экс-депутаттың ауыр халде жатқанын айтты

Фото: видеодан скрин

"Биыл жыл басынан бері денсаулығында үлкен қиындықтар болды".

Экс-депутат Бақытжан Базарбек Мәжілістің VIII шақырылымында депутат болған Таңсауле Серіковтің денсаулығына қатысты жағдайды баяндап, көпшілікті оған қолдау көрсетуге шақырды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды,  деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Бақытжан Базарбектің сөзінше, осы аптада ол Талғар қаласындағы клиникалардың біріне барып, бұрынғы әріптесінің халін біліп қайтқан. Оның айтуынша, Таңсауле Серіков жыл басынан бері денсаулығына байланысты ауыр кезеңді бастан өткеріп келеді.

«Биыл жыл басынан бері денсаулығында үлкен қиындықтар болды. Бірнеше рет комаға түскен кездері де бар. Бірнеше күрделі ота жасалып, ұзақ уақыт төсек тартып жатты. Енді ғана есін жиып, басын көтеріп, сауығу жолына түсе бастады», – деп жазды ол.

Экс-депутаттың айтуынша, Таңсауле Серіков Мәжілісте жұмыс істеген кезінде әлеуметтік мәселелерге баса назар аударған. Әсіресе, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен мүддесін қорғауға қатысты бастамалар көтерген.

Мәселен, Құрылыс кодексін талқылау кезінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптастыру және ғимараттарда қажетті инфрақұрылым қарастыру жөнінде ұсыныстар жасаған. Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу саласында мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестіктерін қолдау мәселесін де көтерген.

Сондай-ақ Цифрлық кодексті талқылау барысында кәсіби тәжірибесі мен білімін негізге алып, бірқатар ұсыныс білдірген.

Бақытжан Базарбек бұрынғы әріптесінің осы уақытқа дейін атқарған еңбегін еске салып, қазір оған көпшіліктің қолдауы қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты бұрынғы және қазіргі депутаттарды, сондай-ақ Таңсауле Серіковті танитын азаматтарды Талғарға барып, жағдайын білуге шақырды.

Оның айтуынша, бірнеше күрделі операциядан кейін бұрынғы депутаттың емделуі мен оңалуына қаржылай көмек те қажет болуы мүмкін. Алайда Таңсауле Серіков өзінің қиын жағдайын өзгелерге ашық айтқысы келмейтін көрінеді.

Жазбасында Бақытжан Базарбек адамдардың күнделікті тіршілікпен жүріп, көмекке мұқтаж жақындарының жағдайын сұрауды кейінге қалдыратынына да назар аударды. Оның пікірінше, ауыр науқастанып, төсекке таңылған адам үшін біреудің арнайы келіп, халін білуінің өзі үлкен демеу.

«Төсек тартып жатқан адам үшін біреудің арнайы келіп, халін сұрауы – үлкен қуаныш, адамгершіліктің көрінісі, жылулықтың нышаны», – деп жазды ол.

Сөз соңында экс-депутат елге еңбегі сіңген азаматтарды тек қызметте жүрген кезінде ғана емес, қиындыққа тап болғанда да қолдаудың маңызын атап өтті.

«Бұл заманда адамгершілікті ұмытпайық, жүрегімізде жылулық отын әрдайым ұстайық», – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.