$ 447.52 € 502.21 ₽ 5.41

ҚазҰУ-дағы студент қыздың өлімі: Министр Саясат Нұрбек мәлімдеме жасады

Әзірге студенттің өлім себебі ресми түрде жарияланған жоқ. 

Коллаж: Sn.kz
Коллаж: Sn.kz

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студенті көз жұмды. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек марқұмның отбасына көрсетілген көмек пен тергеу барысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

11 қарашада Құрылтайда өткен брифинг кезінде журналистер министрден ҚазҰУ аумағында болған қайғылы жағдай туралы сұрады.

Саясат Нұрбектің сөзінше, оқиғадан кейін университет басшылығы марқұмның жақындарымен дереу байланысқа шығып, оларға қажетті қаржылай қолдау көрсеткен. Сондай-ақ оқу орны жерлеу рәсімі мен өзге де шығындарды толықтай өз мойнына алған.

«Біз бірден қамқоршыларымен байланысқа шықтық. Университет барлық шығынды өз мойнына алды. Барлық қаражатты, төлемдерді де өтедік. Қандай да бір көмек қажет болса, әкесімен де, қамқоршыларымен де тікелей байланыстамыз», – деді министр.

Ведомство басшысы марқұмның отбасы тарапынан қосымша көмек сұралса, олардың өтініші қараусыз қалмайтынын атап өтті.

Ал қайғылы оқиғаның нақты мән-жайына қатысты министр тергеу аяқталғанша қандай да бір ақпаратты жариялауға болмайтынын айтты.

«Бізден талап етілген барлық әрекетті орындадық. Сотқа дейін тергеу органдарының әрекеті туралы ақпарат жарияланбауы керек», – деді Саясат Нұрбек.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та 6 қараша күні кешкі уақытта ҚазҰУ қалашығында қайғылы оқиға болғаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұм бірінші курс студенті болған. Ол Алматыға Шымкент қаласынан оқуға келген.

Алматы қаласының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары студенттің өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр.

Әзірге студенттің өлім себебі ресми түрде жарияланған жоқ. Тергеу жалғасуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0