$ 447.52 € 502.21 ₽ 5.41

«16 жерінен пышақтаған»: Алматыда 12 жастағы баланы өлтірген оқушы сотталмайтын болды

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға бес ай бұрын болған.

Фото: видеодан скрин
Фото: видеодан скрин

Алматыда 12 жастағы Абылайханды 16 жерінен пышақтап өлтірген 13 жастағы жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылмай, бір жылға арнайы мектеп-интернатқа жіберілді. Ал оның ата-анасына 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға бес ай бұрын болған. Тергеу деректеріне сәйкес, екі оқушы арасындағы жанжалға қыз бала себеп болған. Алайда Қазақстан заңнамасы бойынша 14 жасқа толмаған балалар, тіпті аса ауыр қылмыс жасаған жағдайда да, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.

Полиция департаменті де жасөспірімге бұдан өзге қылмыстық жаза қолданылмайтынын мәлімдеген. Қылмыстық іс сотқа жетпей тоқтатылған. Абылайханның өліміне себеп болған жасөспірім төрт ай бойы психиатриялық ауруханада ем қабылдап, кейін Семейдегі арнайы мектеп-интернатқа орналастырылған.

Ал марқұмның әжесі Сағадат Өсенова мұндай шешіммен келіспейтінін айтып, немересінен айырылған отбасының жанайқайын жеткізді.

«Менің итімді өлтіргендей болып келіп-кетті. Сонда қалай?! 13 жастағы балалардың барлығы 14-ке толмадық деп адам өлтіре бере ме?! Осы бес айдың ішінде мен өзім білген төрт өлім болды. 13 жастағы балалар адам өлтіріп жатыр. Ал біз білмейтін жағдайлар қаншама?!» — деді ол.

Өз кезегінде жәбірленуші тараптың адвокаты Арман Шәріпов кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігіне қатысты заңнаманы қайта қарау қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, жауапкершілік жасын 12 жасқа дейін төмендету мәселесін қарастыру керек.

«Жауапкершілікті 12 жастан бастап енгізу керек. Себебі қазір балалар жасанды интеллект пен интернет заманында өсіп жатыр. Он екі жастағы баланың өзі ересектерден де ақылды. Олардың таным-түсінігі бізден әлдеқайда дамыған. Олар қоғамға қандай әрекеттің қауіпті екенін жақсы түсінеді. Сондықтан 12 жастағы балалар қылмыс жасаса, тиісті жауапкершілікке тартылуы керек», — деді заңгер.

Қазір қара жамылған отбасы кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігін реттейтін заңнамаға өзгеріс енгізу жөнінде талап-арыз дайындап жатыр. Олар қолданыстағы заң талаптарын қайта қарауды көздейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0