Әйелдің сөзінше, бала кезінен өгей әкесінің ағасы Исматулладан қысым көрген.
Зікірші Исматулла төңірегіндегі дау кезінде Хауа есімді әйел бала күнінен зорлық-зомбылық көріп, 16 жасында өз қалауынан тыс тұрмысқа берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, өгей ағасы болған жағдайды жария етпеу үшін қорқытып келген. Әйел жылдар бойы көрген қысымы мен ауыр тағдырын әлеуметтік желіде баяндады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Хауа Ыстамбұлда дүниеге келген. Бес жасында отбасы Исматулланың ықпалымен Ауғанстанға көшіп, кейін Пәкістанда да тұрған. Әйелдің сөзінше, бала кезінен өгей әкесінің ағасы Исматулладан қысым көрген. Отбасындағы адамдардың бәрі одан қорыққан, тіпті әкесі де оның айтқанынан шыға алмаған.
Әкесі отбасын асырау үшін шетелге жұмысқа кетіп, үйіне екі-бес жылда бір рет қана оралып отырған. Сондықтан Хауа әке мейірімін сезініп өспегенін айтады.
Оның отбасында алты ұл мен бір қыз болған. Алайда жалғыз қыз болғанына қарамастан, еркелік көрмеген. Керісінше, анасы үйдегі қиындықтарға байланысты ашуын балалардан алып, Хауаны жиі ұрған.
Әкесі 2000 жылы соңғы рет үйіне келген. Сол кезде ауыр дертке шалдыққанын білген. Хауаның айтуынша, әкесі алты ай бойы төсек тартып жатқанда, ол басынан өткен қорлықтың бәрін айтып берген. Әкесі қызын алып кетуге уәде бергенімен, көп ұзамай қайтыс болған.
Әкесінен айырылғаннан кейін Хауаның жағдайы одан әрі қиындаған. Ол 16 жасында Исматулланың жамағатындағы адамға күштеп тұрмысқа берілгенін айтады. Болашақ күйеуін бұрын танымайтынын, некеге тұруға өз келісімі болмағанын жеткізді.
«Ол адамды жақсы көрген жоқпын, өзім таңдаған жоқпын. Менің қалауымды ешкім сұрамады. Кәмелеттік жасқа да толмаған мені 16 жасымда тұрмысқа берді», – деп жазды ол.
Хауа бірінші некесінде де зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді. Айтуынша, күйеуі оны ұрып-соғып, балағаттап, тіпті өлтіремін деп қорқытқан. Осындай жағдайлардан кейін бір кездері өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенін де жасырмады.
Кейін дүниеге ұл бала келген. Хауа баласымен бірге есейіп, өмірдің талай қиындығын өткергенін айтады. Оның сөзінше, өзі өмір сүрген ортада әйелдің пікірі мен таңдауы ескерілмеген. Әйел тек ер адамның айтқанын орындауы керек деген түсінік қалыптасқан.
Ақыры ол бірінші күйеуімен ажырасып, баласымен бірге кеткен. Алайда ажырасқаннан кейін де айналасындағы адамдардың қысымы тоқтамаған. Тіпті оны «ішіне жын кірген» деп айыптаған.
Хауа Исматулланың өгей әкесі жағынан туысы екенін және бұрын да басынан өткен жағдайларды айтқанын жеткізді. Алайда оның есімін ашық атауға қорыққан. Себебі, әйелдің сөзінше, Исматулла туыстарына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, үнсіз қалуға мәжбүрлеген.
«Мен бұл шал туралы бүгін ғана айтып отырған жоқпын. Бұрыннан айтып келемін. Бірақ атын ашық айтпайтынмын. Өйткені ол мені қорқытатын. "Айтпа, үндеме. Туыстарыңа қолымнан келгенін жасай аламын, Қазақстанда менің сөзім өтеді" дейтін», – деп жазды Хауа.
Оның айтуынша, арада жылдар өткен соң Исматулла кешірім сұрап, болған жағдайды ұмытуды өтінген. Бірақ әйел өткен өміріндегі ауыр оқиғаларды жай ғана ұмыту мүмкін емес екенін айтады.
«Менің балалық шағымды, әкемді, үлкен ұлымның әкесін, өмірімнің ең жақсы шақтарын кері бере ала ма? Жоқ қой», – дейді ол.
Хауа 17 жасында түскен суретін де жариялап, сол кезеңдегі өмірін еске алды. Оның айтуынша, ол өскен отбасында қыз баланың білім алуына, жұмыс істеуіне және өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік берілмеген.
«Өте қараңғы отбасында туып-өстім. Қолдау дегенді қойшы, тіпті еркіндігім де болған жоқ. Өзім оқығым келді, бірақ рұқсат бермеді. Біздің үйде "әйелге оқудың керегі жоқ", "әйел жұмыс істемеуі керек", "әйел еркекке бағынуы керек" деп өстік», – деп жазды ол.
Соған қарамастан, Хауа білім алудан бас тартпаған. Өз қатарластарынан кеш оқуға түскенімен, оқуын аяқтап, диплом алған. Кейін жұмыс істеп, жеке кәсібін ашқан. Қазір АҚШ-та тұратынын және екінші отбасын өз қалауымен құрғанын айтады.
«Оқуға болмайды деді – оқыдым. Жұмыс істеуге болмайды деді – жұмыс істедім. Өз бетіңмен өмір сүруге болмайды деді – өз жолымды таңдадым. Қазір дипломым, өз кәсібім бар. Америкадамын», – деп жазды ол.
Әйелдің айтуынша, алғашқы некесі аяқталғаннан кейін де бұрынғы ортаның адамдары оны мазалауын қоймаған. Тіпті екінші жолдасының отбасына өткен өмірін айтып береміз деп қорқытқан кездері болған.
Хауа өз оқиғасын жариялағаннан кейін әлеуметтік желіде оған қарсы пікірлер де жазылғанын айтты. Исматулланы жақтағандардың бірі одан неге полицияға хабарласпағанын сұраған. Әйел мұндай сұрақты 16 жастағы қыздың сол кездегі жағдайын ескермей қойылған орынсыз сауал деп санайды.
«Мен ешкімнен аяушылық сұрап отырған жоқпын. Басымнан өткен шындықты айтып отырмын. Менің балалық шағымды тартып алды. Бірақ қалған өмірімді тартып ала алмады!» – деп түйіндеді Хауа.