Оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды.
Астанада жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жүрген жұмысшыларға көлігімен су шашқан 32 жастағы Lexus жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот оған 10 тәулік әкімшілік қамақ жазасын тағайындады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің наразылығын тудырды. Кадрлардан жүргізушінің шалшық судың үстімен жоғары жылдамдықпен өтіп, жол жиегінде жүрген жұмысшыларды бастан-аяқ суға малшындырып кеткенін көруге болады.
Елорда Полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізуші бағдаршамның жыпылықтаған белгісіне қарамастан жылдамдығын бәсеңдетпеген. Құқық қорғау органдары оның әрекетін айналасындағыларға және қоғамдық тәртіпке деген құрметсіздік деп бағалады.
Telegram желісіндегі Halyqstan арнасының мәліметінше, құқық бұзушының 32 жастағы Нұржан Тохмұрзаев екені анықталған. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды.