$ 443.96 € 487.73 ₽ 5.38

Путин мен Си Цзиньпин Қытайда кездесті: Трамппен үшжақты келіссөз өтеді

Кездесу 18–19 қарашада өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті қарсаңында ұйымдастырылды.

Фото: РИА Новости
Фото: РИА Новости

Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Шэньчжэнь қаласында кездесті, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Кездесу 18–19 қарашада өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті қарсаңында ұйымдастырылды. Ал бейсенбі күні үш көшбасшы ядролық қаруды таратпау мәселесін талқылау үшін бас қосуы мүмкін. 

Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Владимир Путин Мәскеу мен Бейжіңнің халықаралық және геосаяси мәселелерге қатысты көзқарастары ұқсас екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі мемлекет әлемдік тәртіпті әділетті әрі көпполярлы етуге күш салып келеді.

Ресей басшысы екі ел арасындағы сыртқы саяси байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Мәскеу мен Бейжің Азия-Тынық мұхиты аймағында бейбітшілік пен экономикалық өркендеуді қамтамасыз етуге мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу бағдарламасында Путиннің Шэньчжэнь университетіне баруы да қарастырылған. Бұдан бөлек, Ресей президентінің құрметіне ресми қабылдау ұйымдастыру жоспарланған.

Бұған дейін Путин АТЭС бизнес саммитінде сөйлеп, Ресей экономикасының жағдайына тоқталған. Ол елдегі инфляция бақылауда екенін, ал мемлекеттік қарыз жалпы ішкі өнімнің 17 пайызына жуық екенін айтқан. Сонымен қатар Батыс елдерінің санкциялары Ресей экономикасына қосымша серпін бергенін алға тартып, соңғы үш жылда елдің жалпы ішкі өнімі 10 пайыздан астам өскенін мәлімдеген.

Ресей президенті бейсенбі күні Си Цзиньпин және АҚШ президенті Дональд Трамппен өтеді деп болжанған үшжақты кездесуден үлкен нәтиже күтетінін де жеткізді.

АТЭС саммитіне қатысатын 21 елдің көшбасшысы сауда, жасанды интеллект және жеткізу тізбегінің тұрақтылығы секілді өзекті мәселелерді талқылайды.

BBC-дің бизнес тілшісі Осмонд Чианың пікірінше, Қытайдағы саммит Владимир Путинге халықаралық аренадағы дипломатиялық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беруі мүмкін.

Оның жазуынша, Қытайдың ресми басылымы «Жэньминь жибао» Ресей президентінің сапарын бірінші бетке шығарған. Бұл Қытай тарапының Путиннің сапарына айрықша назар аударып отырғанын аңғартады.

Ал Chatham House сарапшысы Тимоти Эш Ресей басшысы келіссөздер барысында Украина мәселесін көтеруі мүмкін деп есептейді. Сарапшының пайымдауынша, Путин Си Цзиньпин мен Дональд Трампты Украинадағы жағдайды және елдің болашағын талқылауға тартуға тырысуы ықтимал.

Мұндай жағдайда Украина мен Еуропа елдерінің келіссөздерден тыс қалу қаупі бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0