19.11.2026, 12:20

Ақмола облысында үш көлік апатқа ұшырап, алты адам қаза тапты

Фото: Kazinform/ЖИ

Апатқа Renault Sandero және ВАЗ-2106 маркалы көліктер қатысқан. 

Ақмола облысында бір тәуліктің ішінде үш жол-көлік оқиғасы тіркеліп, алты адам қаза тапты. Тағы бірнеше адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы. 

Алғашқы жол апаты «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының 412-шақырымында болған. Апатқа Renault Sandero және ВАЗ-2106 маркалы көліктер қатысқан.

Полицияның мәліметінше, соқтығыс салдарынан ВАЗ-2106 көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Ал Renault Sandero жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2106 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Renault Sandero көлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Екінші апат «Астана – Атбасар – Жақсы» автожолының 252-шақырымында тіркелген. Hyundai Accent көлігінің жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.

Ал үшінші жол апаты «Аршалы – Ерейментау – Павловка» автожолының 19-шақырымында, Тайбай ауылының маңында болған. Honda Odyssey көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, көлікті аударып алған.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің екі әйел жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп толықтырды полиция өкілдері.

Осы оқиғаларға байланысты өңір полицейлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдықтан аспауға және жолда мұқият болуға шақырды.