Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне зор жауапкершілік жүктейді. Бұл туралы III Стратегиялық серіктестер форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
- Қазақстан табиғи ресурстар мен сирек кездесетін металдар, яғни уран, мұнай, көмір, титан, алтын, хром, мыс, вольфрам, кобальт, ванадий және тағы басқа аса маңызды минералдар қоры бойынша дүние жүзіндегі көшбасшы елдердің бірі саналады. Өздеріңіз білесіздер, аталған құнды ресурстарға әлемдік сұраныс өте жоғары. Жалпы, осы күнге дейін еліміз көптеген табысқа қол жеткізді. Бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, әрдайым биік мақсаттарға ұмтыламыз, - деді Президент.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауымда «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын жариялағанын еске салды.
- Алдағы жылдарда тұтас ел аумағында көптеген балабақша, мектеп, емхана, спорт кешендері, оңалту мекемелері, жастарға арналған шығармашылық орталықтары, театрлар, әуежайлар, вокзалдар, жолдар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандар салынады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бір мезетте бүкіл аймақты, барлық саланы қамтитын мұндай ауқымды құрылыс бұрын-соңды болған жоқ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл бірегей бағдарлама халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, экономиканы өркендетуге айрықша серпін беретінін баса айтты.
- Қысқаша айтқанда, бұл — барша жұртымызға арналған нағыз халықтық жоба, яғни кең ауқымды құрылыс. Себебі халықтық құрылыс кезінде салынатын әрбір нысан, әрбір ғимарат жұртымыздың игілігіне қызмет етеді. Өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндіктер пайда болады, жұмыс орындары ашылады. Қысқасы, «Құрылыс және тағы да құрылыс» қағидаты Қазақстанның жалпыұлттық ұранына айналады, - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарлама аясында әлеуметтік нысандармен қатар атом, су және жылу электр стансалары, деректерді өңдеу орталықтары салынады.
- Жалпы, ауқымды құрылыс жүргізу, цифрлық экономика құру, логистика инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу — ұлтымыздың болашаққа ұмтылысын айқындайтын аса маңызды міндеттер. Бұл жұмыстың бәрін сапалы орындау үшін ең алдымен кәсіби даярлығы жоғары, білікті мамандар, тіпті жаңа мамандық иелері қажет болады. Демек, «Халықтық құрылыс» жоғары білім жүйесіне зор жауапкершілік жүктейді. Ғылым саласы бұл ауқымды өзгерістерге толық дайын болуы керек деп санаймын. Сондықтан бүгінгі жиынның өте өзекті екені анық, - деді Президент.