Мемлекет басшысы Парламентаралық одақ президенті, Аустралия Парламенті Өкілдер палатасының спикері Милтон Дикті қабылдады, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Милтон Дикті Парламентаралық одақ президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, жауапты миссияны абыроймен атқаруына тілеулестік білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Парламентаралық одақпен көпжылдық жемісті ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сондай-ақ Парламентаралық одақтың халықаралық серіктестікті ілгерілететін маңызды институт екенін атап өтіп, ұйыммен байланысты тереңдетуге бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі саяси жүйені жаңғырту және демократиялық институттарды нығайту бағытында қолға алынған реформаларға тоқталды.
Өз кезегінде Милтон Дик Парламентаралық одақ президенті ретінде сапармен келіп отырған алғашқы ел Қазақстан екенін айрықша атап өтті.
Бұл ретте ол еліміздегі саяси, экономикалық өзгерістерді жоғары бағалады.
Әңгімелесу барысында тараптар парламенттік дипломатия, жасанды интеллектінің дамуы және Қазақстан-Аустралия ынтымақтастығының келешегі жөнінде пікір алмасты.