Бүгін «Чжужихэ» полигонында (ҚХР) Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің «Бейбіт миссия-2014» антитеррорлық бірлескен оқу-жаттығулары шеңберінде әскери бөлімшелердің қорытынды дайындықтары өткізілді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Қорғаныс министрлігінің басапасөз қызметі мәлімдегендей, бірлескен әскери топтың мотоатқыштары, танктер мен артиллериялық бөлімшелері нақты белгіленген уақытта шартты түрдегі қарсыласқа оқ жаудыру үшін өздерінің жауынгерлік позицияларына қарай аттанды.
ШЫҰ қатысушы мемлекеттер Қазақстан, Қытай және Ресей әскери-әуе күштерінің бөлімшелері әуе шабуылын қамтамасыз ету тапсырмаларын орындады.
«Қазақстандық ұшқыштар, Талдықорған авиациялық базасының командирі подполковник Ерлан Науанов жетекшілік ететін авиациялық буын жаттығудың мәні бойынша ҚХР мен РФ авиациясымен бірлесіп шартты түрдегі жаудың артиллериялық позицияларына шабуыл жасады», делінген хабарламада.
— Бірлескен әскерлер тобы жақсы нақты әрі қатесіз әрекет ететін дайындалған құрылымға айналды. Әрбір дайындық сайын бөлімшелердің өзара іс-қимылы жетілдіріле түсуде, — деп атап өтті Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Руслан Мұздыбаев.
Әскери бөлімшелердің қорытынды жаттығулары 29 тамыз күні өткізілетін шешуші кезең алдындағы дайындық болып саналады.
Айта кетейік, «Бейбіт миссия-2014» жаттығуының шешуші кезеңі күні әуе парады өткізіледі. Парадты қазақстандық Су-27 жойғыш ұшағының авиациялық буыны ашатын болады.