Қайғылы оқиға 28 қарашада Құнар провинциясының әкімшілік орталығы Асадабад қаласында болған.
Ауғанстанның шығысындағы мектеп маңында болған жарылыстан кемінде 10 оқушы қаза тауып, 110-ға жуық адам жараланды. Зардап шеккендердің басым бөлігі – балалар, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Қайғылы оқиға 28 қарашада Құнар провинциясының әкімшілік орталығы Асадабад қаласында болған.
Провинцияның ақпарат және мәдениет департаменті басшысының айтуынша, жарылыс орта мектептің жанындағы тұрғын үйде болған. Ғимаратта тау-кен жұмыстарына арналған жарылғыш заттар сақталған.
Ауғанстан Ішкі істер министрлігінің өкілі Абдул Матин Кани тергеудің алдын ала қорытындысына сүйеніп, оқиға жарылғыш заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан болғанын мәлімдеді.
Жараланғандарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Тау-кен өнеркәсібі – Ауғанстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Құнар провинциясында бағалы тастарды өндіру жұмыстары қарқынды дамып келеді. Алайда өндіріс орындарында қауіпсіздік талаптарының сақталмауы жазатайым оқиғаларға себеп болып жатады.