$ 448.15  483.46  4.86

Астана қаласының әкімі Ясуеси Комидзомен кездесті

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының бас хатшысы Ясуеси Комидзо мырзамен кездесті. Тараптар қос мемлекеттің ядролық қарусыз әлем құрудағы ықпалдастығы мен екі жақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды astana.kz.

Айта кетейік, Қазақстан мен Жапония атом бомбаларын сынақтан өткізуден зардап шеккен.

— Бейбіт өмір сүру идеалдарын ұсыну бойынша жауапты миссиямен Астанаға келгеніңізге қуаныштымын. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап бейбіт өмірді қолдап, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін аядролық әлеуеттен бас тартқан алғашқы елдердің бірі екенін сіз жақсы білесіз. Кеңес одағының ірі ядролық полигоны Семей қаласында орналасқан. Қазақстанда 450 астам ядролық құрылғы сынақтан өткізілген. Бұл сынақтардың салдары Жапония мен Қазақстанды біріктіреді деп санаймын, — деді Иманғали Тасмағамбетов кездесу барысында.

Дүниежүзілік ұйымның бас хатшысы елорда әкімін қолдап, мәселенің өзектілігін атап өтті.

— Атом бомбаларының адамдар мен өсімдіктер үшін қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінеміз. Қаруды 100% жою керек. «Мэрлер бейбітшілік үшін» бағдарламасына қатысуды басқа қалалардың басшыларына да ұсыныңыз, — деді Ясуеси Комидзо.

Өз кезегінде Астана әкімі ұйымға мүше емес басқа қала басшыларымен сөйлесуге дайын екендігін жеткізді.

"Мэрлер бейбітшілік үшін" қозғалысы 1982 жылы құрылған. Оған ядролық қарудан бас тартуға қол жеткізуді мақсат еткен қалалар мүше болады. Астана 2012 жылы 110-шы болып бағдарламаға қосылды. Сонымен қатар, Алматы, Қарағанды, Семей, Өскемен, Павлодар және т.б. қалалар да ұйымға қабылданды.

Айта кетейік, 1945 жылы тамыз айында Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалалары атом бомбаларынан жойылды. Ұйым осындай қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ядролық қарудан бас тартуға шақырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары