Солтүстік Қазақстан облыстық Қаржы полициясы бастығының орынбасарын өлтірген адамға 100 мың доллар беріліпті. Былтырғы желтоқсан айында кісі қолынан қаза тапқан Жандос Ахметовтің өліміне қатысты Петропавлда басталған сот барысында айыптаушылар осылай мәлімдеді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Облыстық қаржы полициясы бастығының орынбасарын былтыр үйіне кіреберісте баласының көзінше атып кеткен еді. Сегіз айға созылған тергеу амалдарынан кейін күтпеген қорытынды шығарылды.
«Тергеушілердің айтуынша, киллерлер Жандос Ахметовті бастығы Нұрлан Шабдармен шатастырып алған. Яғни олар, негізі, бастықты өлтіруі тиіс болған. Нұрлан Шабдардың өзі бүгін сотқа шақырылғанымен, келген жоқ. Осы қылмысқа байланысты тұтқынға алынған үш күдіктінің екеуі ресей азаматтары. Олар кінәларын жартылай мойындаған. Ал тапсырыс берген адамның өзі әлі қолға түскен жоқ. Ол Нұрлан Шабдардан кек алмақ болды және тапсырыс Мәскеуден түсті деген болжам бар», делінген телеарна сюжетінде.