Қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекарадан нумизматикалық заттарды заңсыз өткізбек болған Ресей Федерациясының азаматтарын ұстады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі мәлімдегендей, Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек шекара отрядына қарасты «Орда» заставасының наряды еліміздің аумағынан мемлекеттік шекараға қарай «Тойота Ланд Крузер» автомобилін мініп келе жатқан Ресей Федерациясының 4 азаматын ұстады.
«Машинаны мұқият тексеру кезінде оның салонынан нумизматикалық заттар табылды - 1846 жылы жасалған тиын-тебендер, жалпы санын санап жібергенде 230 данаға жетіп жығылды, одан бөлек әртүрлі түсті металдардан жасалған 470 дана құнды заттар (жүзіктер, түймелер, төсбелгілер, жетондар, білезіктер), сонымен қатар іздестіру жұмыстарына арналған арнайы құралдар - 4 металл іздегіш аспап шықты», делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша Бөкейорда ауданының (БҚО) құқыққорғау органдары хабарландырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде.