$ 494.87  520.65  4.91

Ақтауда басына теледидар құлаған бала комадан шықты

Басына теледидар құлап, жан сақтау бөліміне түскен төрт жасар бала есін жинады. Ақтаудың төрт жасар тұрғыны Ислам Қатаевтың жағдайы жақсарып келеді. Бір апта бойы комада жатқан ол кеше оянды, деп хабарлайды Nur.kz.

Дәрігерлер баланың қалыпқа келуіне ұзақ уақыт керек дейді.

— Қазіргі жағдайы бірқалыпты. Адамдарға қарайды, анасын да таныды. Бірақ, әлі сөйлемейді, өздігімен жұтына алмайды. Әйтсе де, жайлап ес жиып келе жатқаны қуантады, — дейді балалар ауруханасы травматология бөлімінің басшысы Ғабит Ережепов.

Еске сала кетсек, далада ойнап жүрген Ислам 42 жастағы көршісінің терезеден теледидарды лақтырып жіберуі салдарынан аурухананың жан сақтау бөліміне түскен болатын. 8 қабаттан лақтырылған теледидардың бір бөлшегі Исламның басына тиіп, бас сүйегін сындырған.

Исламның анасы айыптының толық жазаланбағанын айтады. Бар болғаны үш күнге қамалған. Полиция қызметкерлері сот өтетін уақытты күту керектігін ғана айтады.

Заң бұзушыны күтетін жазаның ең үлкені — 2 жылға бас бостандығынан айыру. Ал ең кем дегенде, рұқсат етілмеген жерде қоқыс тастағаны үшін айыппұл төлеумен құтылуы мүмкін.

Баланың анасының айтуынша, көршісі маскүнемдікке салынған адам және сол күні әйелімен сөзге келіп, теледидарды ашумен лақтырып жіберген. Ол бүгінге дейін Исламның отбасына материалдық көмек те көрсетпепті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары