Ақтөбе облысында 70 пайыз астық жиналды. Құрғақшылық салдарынан өңірде егіннің әр гектарынан 4,5 центнерден ғана өнім алынды, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Бұл жөнінде аталған облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхтар Жұмағалиев.
— Облыстың бірқатар аудандарына жаз бойы бір тамшы да жауын жаумады. Бұлар: Әйтеке би, Мәртөк, Хромтау, Қобда, Алға аудандары. Жаңбыр болған жерлерде өнімділік гектарына 8-10 центнерді құрады. Бүгінде 130 мың гектар шығынға жазылды, бұл өнімділіктің 20 пайызы, — дейді М. Жұмағалиев.
Оның айтуынша, астық ең мол шығатын Әйтеке би ауданында құрғақшылық салдарынан өнімділік төмен болуы мүмкін.
Соңғы жылдары жалғасып келе жатқан құрғақшылық салдарынан өңір билігі ауыл шаруашылығын әртараптандыруды қолға алды, яғни жем-шөп дақылдарын өндіруге, мал шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлінуде.
М. Жұмағалиевтің айтуынша, соңғы 4 жылда, бидай үлесі жалпы егіс айналымында 80 пайыздан 54 пайызға дейін кеміген.