Кеше Астана қаласы әкімшілігінде қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Вячеслав Ким кездесті. Онда қала әкіміне таеквондодан (WTF) 7 дан мен қара белбеу ұсынылды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Қазақстан таэквондо федерациясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 29-31 тамыз аралығында Астанада Бүкіләлемдік Гран-при додасы өтіп, Бүкіләлемдік федерация басшылығы біздің елімізге толық құраммен келген болатын. Аталған топты бастап келген Бүкіләлемдік федерация президенті Чунгвон Чо Иманғали Нұрғалиұлына құрметті данды арнайы тапсыруды міндеттеді.
Кездесу барысында Вячеслав Ким ел спортын, оның ішінде таеквондоны дамытуға зор үлес қосқаны үшін Иманғали Тасмағамбетовке алғысын білдірді. Сонымен қатар, Астана қаласы әкімінің аты-жөні тігілген қара белбеу мен жетінші дан туралы Бүкіләлемдік федерация сертификатын ұсынды.
Иманғали Тасмағамбетов өз кезегінде болашақта Қазақстандағы таеквондоны дамытуға үлес қоса беретінін жеткізді.