06.09.2014, 10:51

Алматыда ертең «кейіпкерлер велошеруі» өтеді

Сурет: baq.kz

Ертеңгі демалыс күні Алматы қаласында костюмді велошеру өтеді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Әкімдік баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қала тұрғындары мен қонақтары қалаған кейіпкер кейпінде киініп қатысуға мүмкіндік алады.

Велошеру Тәттімбет көшесі қиылысынан әл-Фараби даңғылы арқылы (жер асты жолы) өтіп, одан соң Достық даңғылы бойымен Қабанбай батыр көшесіне дейін жүреді. Содан кейін Панфилов көшесі арқылы Төле би көшесімен қиылысқа дейін жүріп, сол жерде «Астана» алаңында мәреге жетеді.

Қатысушылар сағат 08.00 де әл-Фараби даңғылы мен Тәттімбет көшесінің қиылысында жиналады. Ал, басталуы – сағат 08.30-да. 

Хабарламада айтылғандай, ең ерекше киім үлгілері мен велосипедін барынша әрлеген қатысушыларға сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар көлік жүргізушілеріне осы күнгі қозғалыстарын алдын ала жоспарлап алуын өтінуде.