Қазақстанда суда жүзетін құстарға, тұяқты жануарларға және жыртқыш аңдарға күзгі аң аулау маусымы ашылды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, биыл құстардың 59 түрі мен сүтқоректілердің 34 түрін бекітілген аңшылық шаруашылықтар аумағында ғана аулауға болады. Бекітілген аңшылық шаруашылықтарда барлығы 2482 қорықшы және 2286 автомашина бар.
Әуесқойлық (спорттық) аң аулау үшін аңшыда куәлік, жануарлар әлемін пайдалануға берілген рұқсат және аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары болу тиіс. Бұнымен бірге, аң аулағанда атыс қаруын қолданар кезде оны сақтау және алып жүру құқығын беретін ҚР Ішкi iстер органдарының рұқсаты болуы қажет. Сондай-ақ, аушы жыртқыш құстармен аң аулаған кезде белгіленген тәртiппен берiлген тіркеу құжаттары болуы тиіс.
Тұяқты жануарлар мен қоңыр аюды олжалау қорықшының немесе жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың қатысуымен жүргізіледі және атып алғаннан кейін, олар жануарлардың олжаланғаны туралы белгi жасайды.
Соған қоса, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті аңшылық аулау барысында өртке қарсы қауіпсіздік шараларын қолдану, аңшылық алқаптарын тұрмыстық және кәсіптік қалдықтармен ластауға жол бермеу қажеттілігін еске салады. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ҚР Заңының және ҚР-ның аумағында аң аулау ережесінің талаптарын сақтамағаны үшін Қылмыстық кодекспен және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексімен жазалау шаралары көзделген.
Айта кетейік, былтыр жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі заңнама бұзушылықтарының 598 фактісі анықталды. Оның ішінде әкімшілік жауапкершілікке 561 адам, ал қылмыстық жауапкершілікке 35 заң бұзушы тартылды. 2014 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша 259 факті анықталды, оның 256 әкімшілік жауапкершілікке және 9 қылмыстық жауапкершілікке тартылды.