Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Алтын ханшайым» көрмесіне 2012 жылы Теректі ауданындағы Тақсай қорғанынан табылған ежелгі сармат ақсүйек әйелдің қалпына келтірілген бейнесі аса бай әшекей бұйымдарымен және тарихи маңызы өте зор тұрмыстық бұйымдарымен бірге қойылған, деп хабарлайды Zhaikpress.kz.
– Тақсай обасы 2012 жылы жазда табылды. БҚО тарих және археология орталығы археологтары оба-кешенді үш ай бойы қолмен қазып зерттеді. Нәтижесінде, біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырларға жататын ақсүйек сармат әйелінің тоналмаған қабірі табылды. Обадан табылған артефактардың, әсіресе соғыс көрінісі бейнеленген тарақтың дүниежізілік тарих ғылымы үшін маңызы үлкен, – дейді орталықтың қызметкері, Тақсай кешенін зерттеген археологиялық топ жетекшісі Яна Лұқпанова.
«Алтын ханшайым» экспозициясын жасаған, обадан табылған заттарды, сармат әйелінің киім-кешегін қалпына келтірген – белгілі реставратор Қырым Алтынбеков. Ол Есік қорғанынан табылған әйгілі «Алтын адам» бейнесін қалпына келтірген ғалым ретінде көпке танымал маман. «Алтын ханшайым» көрмесі екі дана жасалып, бірі Астана қаласындағы Ұлттық музейге, екіншісі Орал қаласына қойылған. Енді Орал қаласының тұрғындары және қала қонақтары 7-8 мың жылдық тарих қойнауына тартатын осы бір көрмені облыстық музейден тұрақты тамашалай алады.