Қазақстан-Ресей шекарасынан 34 келі есірткі алып өтпек болған қырғызстандықтар құрықталды, деп хабарлайды «Қазақпарат».
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінің хабарламасына сай, Қостанай шекара жасағы «Қайрақ» авто өткізу пунктінің шекара наряды Қазақстаннан Ресейге «Мерседес Бенц» автомобилімен бара жатқан Қырғызстанның төрт азаматын ұстаған.
«Тексеріп-қарау тобы көлікті тексеру барысында оның артқы орындығының еденінің қапталған тұсында жаңа бояудың жағылғанына және тығындалғанына көңіл аударды. Қызметтік иттерді пайдаланумен орындық еденінің астында есірткі заттарының болуы мүмкін екендігі анықталды», делінген хабарламада.
Осылайша, сірке суының ерекше иісі бар ақ түсті зат – жалпы салмағы 34 келі болатын героин тәркіленді. Аталған факті Қостанай облысының құқық қорғау органдарына хабарланды.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.