«Жолаушылар тасымалы» АҚ арқылы биылғы 8 айда 13,6 миллион жолаушыны діттеген жеріне жеткізген. Оның ішінде, жаз маусымының 3 айында ғана (маусым-тамыз) 5,9 миллион (немесе 43 пайыз) жолаушыны тасымалдады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың жаз айындағы көрсеткішінен 27 мың жолаушыға артық, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Аталған компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, статистикалық мәліметтер көрсетіп отырғандай, жүрдек пойыздардың қызметіне деген сұраныс еселеп келеді. Жазғы маусымда (маусым-тамыз) жүрдек пойыздарда 298 мың жолаушы тасымалданды. Ол өткен жылдың көрсеткішінен 76 мың жолаушыға көп. Аталмыш құрамдарда жолаушылардың толуы 85 пайызды құрады.
Жазғы маусымда жолаушыларды тасымалдау үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ 122 бағыт бойынша пойыздарды жіберді. Астана-Сарыағаш, Астана-Лениногор және Астана-Орал бағытындағы пойыздар күнделікті қатынауға ауыстырылды. Екі қала маңы тасымалы маршруты: Астана-Қарағанды күніне үш мәрте, Астана-Бурабай бағыты күніне екі мәрте жүретін болды.
«Осы мерзім ішінде 2 жүрдек бағыт ұйымдастырылды. 2 маусымнан бастап Астана-Шымкент, 1 тамыздан бастап Алматы-Ақтөбе пойыздары жолаушылар тасымалдай бастады. Үстіміздегі жылдың соңына дейін қосымша үш жүрдек бағыт – Астана-Қызылорда, Астана-Өскемен, Алматы-Өскемен іске қосылады» делінген хабарламада.
Жазғы маусымға Астана-Адлер пойызы, Алматы-Көкшетау, Алматы-Арыс, Алматы-Достық қосымша пойыздары жіберілді.
Айта кетер жәйт, халықаралық бағыттардағы пойыздарда билетті сатып алу уақытына байланысты (45 немесе 15 тәулік) 10 және 30 пайыздық жеңілдіктер, жүрдек пойыздарда вагон санаттарына сай («Гранд», «Бизнес») 10 пайыздан 25 пайызға дейінгі жеңілдіктер енгізілді.