10.09.2014, 03:04

Оңтүстік жастары донорлық акциясын өткізді

Сурет: ontustik.gov.kz

Оңтүстік Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар орталығының» жанынан құрылған еріктілер мектебінің ұйымдастыруымен қатерлі дертке шалдыққан жандарға донор болу (қан тапсыру) мақсатымен облыстық қан орталығында «Бізбен бірге!» атты акциясы өткізілді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Облыс әкімдігінің ресми сайтында жазылғандай, қатерлі дертке шалдыққан жандарға үміт сыйлау, оларға қолдау көрсету, жастар бойында мейірімділік, қамқорлық таныту қасиеттерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға 200-ге жуық студент жастар қатысты. Еліміздің 4 жасар Әлихан Утеев осындай қатерлі дертке шалдыққан бүлдіршін. Әлиханға дәрігерлер өткір лейкоз диагнозын қойып, қазіргі таңда бүлдіршін Израильде ем алып жатыр. Оған аллогенді гематопоэтикалық трансплантациясы қажет. Бірақ, сәйкес донорлық қан табылмағандықтан, бұл мәселе халықаралық қан базасына тіркелді. Яғни, қазір Әлиханға сәйкес донорлық қан тобы қажет болып тұр. Сол себепті, бүгінгі акцияға қатысушы жастар өз көмектерін көрсетуге барынша тырысты. Донор болып саналатын жалғыз ғана қан көзі – ол дені сау адам. Қазіргі қоғамда, қан құюға әрбір үшінші адам мұқтаж.

Іс-шараға қаламыздағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары, еріктілер, облыстық «Жастар орталығы» қызметкерлері белсене атсалысты.