Қазақстанның басым бөлігінде бұрынғыша күн ашық болады, елдің батысында, солтүстік-шығысында және шығысында ғана атмосфералық ағындардың өтуімен ауа райының тұрақсыз сипаты күтіледі, кей жерлерде күн күркіреп, жаңбыр жауады, жел күшейеді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
«Қазгидромет» таратқан мәліметтерге сәйкес, Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында түнде және таңертең тұман түседі.
Маңғыстау, Атырау облыстарында, күндіз Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с-қа дейін жел күшейеді, Қызылорда облысында шаңды дауыл көтеріледі.
Шығыс Қазақстан облысында кей жерлерде желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді, түнде және таңертең тұман түседі.
Қостанай облысында түнде кей жерлерде тұман түседі, күндіз кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түсуі күтіледі.
Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында кей жерлерде 1-6 градусқа дейін күн суытады.
Республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында, батысының кей жерлерінде, солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында өте жоғары өрт қаупі сақталады.
Таяудағы тәуліктерде Сырдария өзенінде Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облысының оңтүстігі шегінде Шардара су қоймасынан су келуінің азаюына байланысты су деңгейі төмендейді. Республиканың оңтүстігіндегі, оңтүстік-шығысындағы және шығысындағы тау өзендерінде гидрологиялық режимде елеулі өзгерістер болмайды.