ҚР Қорғаныс министрі Серік Ахметов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Гвардейск гарнизонында жұмыс сапармен болып, артиллеристердің жиыны өтіп жатқан «Мәтібұлақ» полигонында Т-72 және БМП-2 штаттық қаруынан жауынгерлік атыс жаттығуларына норматив тапсырушылардың байқауына қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Орталық коммуникациялар қызметі таратқан мәліметке сәйкес, министр сондай-ақ инженерлік-саперлік бригадада, жеке медицина отрядында, Құрлық әскерлерінің оқу орталығында да болды.
Жұмыс сапары барысында министр Құрлық әскерлері әскери институтының жас офицерлермен кездесіп, үздіктерге Құрмет грамотасын тапсырды.
– Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев Қорғаныс министрлігіне Қарулы Күштерде жауынгерлік даярлықты нығайту жөнінде, қару-жарақ пен әскери техниканы жетілдіруде, әскер-техникалық әлеуетті арттыруда нақты тапсырмалар қойып отыр. Қазірдің өзінде барлық стратегиялық бағыттарда жеткілікті түрде әскери топтардың құрылғандығын айтуға болады. Қорғаныс министрлігінде мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін коалициялық мүмкіндіктер пайдаланылады, – деді министр.
Сонымен бірге, ҰҚШҰ шеңберінде өткізілген «Өзара іс-қимыл – 2014», «Мызғымас бауырластық – 2014», ШЫҰ аясындағы «Бейбіт миссия – 2014» бірлескен жаттығуларына қазақстандық әскери қызметшілердің табысты қатысып жүргендігін атап өтті.