Бүгін таңғы сағат 8-дер шамасында Орал қаласындағы Ә.Молдағұлова көшесінде №145 бағытпен жолаушылар тасымалдайтын «Газель» автокөлігі өртенді, деп хабарлайды «Қазақпарат».
Оқиға куәгерлерінің сөзіне қарағанда, автокөлік тез жанған. Абырой болғанда, жолаушылар жедел шығып үлгерген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер жетіп, тілсіз жауды ауыздықтаған.
Қазіргі кезде аталмыш оқиғаның себеп-салдары анықталуда.
Айта кетейік, бұл соңғы екі күн ішіндегі екінші оқиға. Кеше қаланың 4-ші шағынауданында газ қызметінің «ЗИЛ» автокөлігі отқа оранып, темір қаңқасы ғана қалған болатын.