Маңғыстау облысының жастары өзінің тың идеяларын «Нұр Отанның» назарына ұсынудан жалықпайды. Белсенді әрі білімді маман иесі байқау талабына сай барлық талаптардан сүрінбей өтуге тырысуда, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Еліміздегі саяси ұйым – «Нұр Отан» партиясы қоғамдағы белсенді жастардың жеке жобаларымен жарқырап шығуына тікелей жол ашып келеді. Бұл мақсатта өткен жылдан бастап «Жас Отан» жастар қанаты арқылы «Жастар кадрлық резерві» атты тың жоба жүзеге асырылып, жас буынның ерекше қызығушылығын оятып жатыр. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылған байқауға елдің барлық өңірінен 3146 үміткер қатысуға тілек білдіріпті.
Кеше Орталық аппаратта «Жастар кадрлық резерві» партиялық жобасының II білім беру модулінің ашылу салтанаты өтті. Оған «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаевпен бірге 16 облыстан үздік деп танылған 32 үміткер қатысты.
Ф.Қуанғановтың айтуынша, «аталған жоба белсенді және білімді жастардың өздерін көрсетуіне мүмкіндік ашады. Сонымен бірге әртүрлі әлеуметтік топтардан шығып, сан салада жұмыс істейтін жас мамандардың қызмет бабында сатылап өсуіне де әлеуметтік баспалдақ болып табылады. Партия мемлекет үшін еңбек етуді көздейтін талантты топқа өздерінің жинаған білімі мен тәжірибесінің негізінде құрған жобасын өмірде жүргізуге тікелей қолдау білдіреді. Әрине, ол үшін байқау талабына сай барлық талаптардан сүрінбей өтіп, өзге замандастарының ортасынан үздік шығуы керек».
Маңғыстау облысында «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамында геолог болып жұмыс істейтін Бекболат Төлегенұлы – мамыр айында бастау алған жобада ортасынан озып шыққан 32 ұланның бірі. Жасы 27-дегі жас маман Қазақстанда геологиялық және экологиялық туризмді дамытудың тың бағытын іздеп-табуды көздейді. Негізінен, бес кезеңнен тұратын сынақтың үш кезеңі аймақтарда өткізілген. Өңірдегі сынақтан мүдірмей өткен Бекболат енді үздік шығуға үміттеніп отыр.
– Жұмыс барысында геологиялық зерттеуге жиі шығуға тура келеді. Сол кезде қазақ жерінің небір ғажайып тұстарын тамашалап, неге осы бағытта туризмді дамытпасқа деген ой келді. Содан өзімнің жеке ұсынысымды дайындап, «Нұр Отанның» жобасына қатысуға бел байладым. Бүгінде аймақтан екі азамат үздік шығып, Астанаға келдік. Егер келесі кезеңдерден де мүдірмей, өзімізді-өзіміз дәлелдей алсақ, жеңімпаз атанатын да сәт жақын. Барлығын ұтып шықсақ, өз жобамызға сай келетін министрліктің немесе ұлттық компаниялардың кадрлық тізіміне енгізіліп, тәжірибеден өтеміз. Білімділігіміз бен іскерлігімізді көрсете алсақ, жаңа жұмысқа орналасуға жол ашылады. «Нұр Отанның» мұндай идеясы, негізінен, ел ішінде елеусіз қалып жүрген небір талантты замандастардың танылуына тікелей септігін тигізетіндігімен құнды. Оның үстіне, қоғам үшін жан-тәнін салып, күш-қайратын, ақыл-ойын беріп жұмыс істей алатындарды мемлекеттік қызметке бекіткеннен барлығы ұтады, – дейді маңғыстаулық Бекболат Төлегенұлы.
Жалпы, биыл алтыншы рет қолға алынған жобада бас-аяғы 10 мыңнан астам үміткер бақ сынаған. Оған, негізінен, жоғары білімді, 3-5 жылға дейінгі жұмыс тәжірибесін жинақтаған жастар қатыса алады. Енді жыл соңына дейін 32 үміткердің арасынан тағы да ең үздіктері анықталатын болады.