24 қазан күні «Менің елім - мәңгілік ел» автоэкспедициясы Алматы облысына ат басын тіреді. Алматы реттік сан бойынша, экспедиция тұрақтаған 11 - ші облыс ретінде тіркелді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Алматы облысындағы саяхат Алакөл ауданының орталығы - Үшарал қаласынан басталды. Экпедицияның кезекті сапары «Мәңгілік Елдің жасампаз жастары» атты форумның үстіне түсті. Жастар форумы басталмас бұрын, экспедиция мүшелері Ұлы Отан соғысының батырлары мен көрнекті саяси қайраткер Дінмұхаммед Қонаевтың ескерткіштеріне гүлшоқтарын қойды. Содан кейін, жастар форумына қатысып, ауыл жастарының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысты. Форумның аяғы концертпен аяқталды. Өңірдің мақтанышы - Алакөл көлі. Миллион жыл бұрынғы Тетис мұхитының қалдығы болып келетін осы көлдің экожүйесін сақтау үшін, «Алакөл» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған.
Осы қорықта Мұхтар Әуезовтың ұлы - Ернар Әуезов, орнитолог болып жұмыс жасаған. Ол кісінің ел тарихында сіңірген еңбегі - әлемде тек қана осы жерде ғана кездесетін, ежелгі «реликті» шағаланы тауып, оны ғылыми айналымға енгізуінде екен. «Қорық тіршілігімен танысып болған бойдан, Алакөл көлінің өзіне қарай жол тартық. Ол Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысын бөліп жатыр. Жоғарыда айтып кеткендей, ежелгі теңіздің қалдығы болғандықтан көлдің суы тұзды. Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай сілемдері арасында орналасқан. Ұзындығы 120 шақырым, ені 40 шақырым, ал тереңдігі 54 метр болып келетін осы көлде 3 арал орналасқан. Біз болған аудан орталығы, осы аралдардың құрметіне қойылған. Көлдің суы шипалы. Қазіргі таңда мұнда жергілікті туризм даму үстінде. Өңірге Қазақстан тұрғындары мен шетелдік қонақтар қызығушылық танытуда. Алакөлдің туристік мүмкіндіктерін арттыруға қарқынды жұмыстар жасалуда. Алдағы уақытта Алакөлдің еліміздің шығыс бөлігіндегі ірі туризм орталығына айналатынына нық сенімдіміз! Қош бол, Алакөл! Алакөл жерінің қонақжайлығын біз ешқашан ұмытпаймыз! Ал біздің саяхатымыз жалғасуда. Алдымызда Талдықорған - қаласы!», дейді автожолаушының бірі.
27 қазан күні «Менің елім - Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық автокөлік экспедициясы Талдықорған қаласына келді.
Экспедиция мүшелерін жетісулықтар Қабанбай батыр ескерткішінің алдынан ыстық ықыласпен қарсы алды. Екі айға жуық уақыт бойы елімізде құрастырылған 5 отандық автокөлік Қазақстанның барлық өңірлерін аралайды. Бүгінге дейін олар 10 облысты аралап келді. Қаламызда ескерткіштен орталық алаңға дейін автошеру өтті. Жастарды еліміздің көріктілігі мен бірегейлігі идеясының төңірегінде біріктіру мақсатында құрылған топ І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-не ат басын тіреді. Жетісудың жалынды жастары қонақтарға арнап концерттік бағдарлама қойды. Естелікке экспедиция көліктеріне жапсырмалар тақты.
Кейін дүбірлі автокеруен Қазақстанның оңтүстік астанасы ‒ Алматы қаласына ат басын тіреді. Қалаға келген күннен бастап мәдени-рухани орталықтарға, тарихи орындар мен көрікті жерлерге саяхат жасады.
Алматыға келген күні экспедиция екіге бөлініп, бірі Үшқоңыр жайлауына жол тартса, екінші топ қаланың демалыс орталықтары ‒ Медеу мен Көктөбе жаққа және қаладағы «Ұлттық халық аспаптар музейі» мен ҚР Тұңғыш Президенті саябағына барды. Екі топ та Алматының әсем табиғатын тамашалап, басты миссиялары ‒ сурет және видео коллекциясын жинап, әлеуметтік желілер арқылы көпшілікпен әсерлерін бөлісіп отырды. Сол күні кешке «Қазақстан» қонақүйінде блогерлермен кездесу өткізіп, Қарағанды облысы туралы жасалған видеосюжеттің тұсаукесерін жасады. Блогерлерге сұхбат беріп, экспедициядан көрген-білгенін, түйген ойларын айтты.
Ал, екінші күні, яғни 27 қазанда автоэкспедиция еліміздегі ең үлкен оқу ордасы ‒ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерімен кездесу өткізіп, Маңғыстау облысы туралы арнайы сюжеттерін көрсетті. Саяхат барысында түйген ойлары мен түрлі идеяларын айтып, Отанды сүюге шақырды. ҚазҰУ студенттері де автокеруеншілерді ыстық ықыласпен қарсы алып, тіпті арнайы өлең де шығарды. Әдеттегідей, италияндық әнші Сон Паскаль ән шырқап, жастарды маңайына үйіре алды. Соңынан бәрі естелік суретке түсіп, тілек кітапшалары мен тақтайшаға жастардың лебізі жазылды.
Студенттер белсендісі, ҚазҰУ-дегі Жастар ұйымы комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіқадіров осы шарадан алған әсерін былайша жеткізді:
«Бұл экспедицияның басталғанын естігеннен бері өз қаламызда күтіп жүрген едік. Ал, бүгін Алматыға, тіпті ҚазҰУ-ға келуі үлкен қуаныш болған секілді. Біз, ҚазҰУ жастары осы республикалық шараға аз ғана болса да, пайдамызды тигізгенімізге қуаныштымыз. «Менің елім-Мәңгілік ел» деген экспедицияның шығуы ‒ тарихи оқиға. Ал, осы экспедицияның құрамында болу ‒ елдің әр бір жас патриотының арманы шығар. Егер мен осылай саяхаттауға шақырса, ойланбастан барар едім».
Экспедиция техникалық жұмыстарын ретке келтіріп, қайта жолға шығып кетті.
Керуеннің келесі барар нүктесі ‒Жамбыл өңірі, Тараз қаласы.