Маңғыстау облысында алқалы топқа танылған Сүгір жыраудың 120 жылдығына орай оның ұрпақтары түрлі шаралар ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында ақшаңқай киіз үйлер тігіп, ас беріп, алыс-жақыннан келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, думанды той ұйымдастырды.
Сүгір Бегендікұлының мерейтойына жыраудың ұрпақтары мен оның өнерін жалғастырушы ізбасарлары жиналды. Жыраудың жырлары сан құбылған саздары тыңдармандарын еріксіз баурады. Сонымен қатар жыраудың көзі тірісінде пайдаланған жәдігерлері, ел ішіндегі қолжазбалары жинақталып, үнтаспалары қалпына келтіріліп, мерейтой қарсаңында Қызылсай ауылының мектебінде ашылған мұражайға тапсырылды.
Белгілі жыршы-термеші Сүгір Бегендікұлы Маңғыстаудың дәстүрлі ән, жыр мектебін қалыптастырып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Бүгінде Сүгірдің сазы, Сүгірдің термесі кең-байтақ қазақ елін шарлап кетті. Шет елдерде де орындалып, қазақ деген халықтың терме өнерінің құдіретін әлемге таратып, паш етті. Оның шығармасын орындаушылардың бүтін бір тобы қалыптасты.
С.Бегендікұлы жақсы орындаушы болумен бірге, өзі ән-терме шығарып, өзіндік мектеп қалыптастырған белгілі сазгер де. Мәселен, қазіргі күнде сахнадан түспей орындалып жүрген «Сүгірдің термесі» соның бір мысалы. Оның қайталанбас, өзіндік мақамын айтыс ақындары да пайдаланып жүр. Осындай тума талантқа өзінің кіндік қаны тамған жерінде құрмет те аз көрсетіліп жатқан жоқ. Кызылсай ауылындағы орта мектеп оның атымен аталады. Мектеп алдына келісті ескерткіші де қойылды. Осының барлығы белгілі өнер иесіне деген халықтың ыстық ықыласы деп білген жөн.
Қашан да тума таланттар мен шығармашылық азаматтарға қамқор болып, қолдап жүретін Жаңаөзен қаласының әкімдігі өнер сүйер қауымның өтініші мен тілегін ескере отырып, термеші сазгердің Қызылсай ауылынан жеке мұражайын ашуға мұрындық болды. Және осы игілікті істің басы-қасында жүрген ауыл әкімдігі мен ақсақалдар кеңесінің еңбегін де ұмытуға болмайды.
Жаңа мұражайдың ашылуы ауылда үлкен той ретінде өтті. Ақындар айтысы мен мүшәйрасы, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды. Сүгірдің шығармаларын қазіргі жас өнерпаздар келстіре орындады. Салтанатқа Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Исахан Сағынбаев қатысып, жаңа нысанның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, Сүгірдің ізбасарлары жас толқынға дәстүрлі халық өнерін дамытып, насихаттауда ақ жол тіледі. Шараны ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан бір топ азаматтарды марапаттады.