23.10.2014, 12:41

Ең үздік бизнес-идея жобаларын ұсынған маңғыстаулықтар анықталды

Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры «Ең үздік бизнес-идея» жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды облыс әкімдігінен.

Ынталы жастарға бизнес әлеміне енуге мүмкіндіктер ұсыну және шағын кәсіпкерлікті насихаттау мақсатында облыс көлемінде өткізілген шараға инновациялық, келешегі ғұмырлы бизнес-идеяларды әзірлеген 20 болашақ кәсіпкер өз жобаларымен қатысты. Әділқазылар кәсібін дөңгелеткісі келетін жастардың бизнес-жоспарын кәсіби біліктілігі, бизнес-идеяның бәсекелестікке қабілеті, жүзеге асырылу мүмкіндігі және аймаққа әкелер пайдасы бойынша бағалады. Өткен жылғы жәрмеңкенің жеңімпазы атанған Ескендір Сардарбеков осы жылы тағы да бағын сынап, алғашқы болып идеясын таныстырды. Оның бизнес-идеясы - маңғыстаулықтарды таза экологиялық ешкі сүтімен қамтамасыз ету. Бұл отандық экологиялық өнімді өндіру арқылы жас кәсіпкер өлкедегі сүт ассортиментін ұлғайтуға үлес қосып, мал шаруашылығын әртараптандырып, салық түрінде бюджетке түсімді ұлғайтуды көздеп отыр. Ал  Маңғыстау гуманитарлық техникалық университетінің 4-курс студенті Ескендірдің өз кәсібін бес саусақтай білетіні аңғарылып тұрды. Сондай-ақ ол жоспарында ешкі фермасын ашу үшін қаржыландыру көздерін есептеп, шөп уатқыш, сауын аппараты секілді заманауи технологияларға қанша қаражат бөлінетінін, қанша кіріс түсетінін және қандай тұтынушылар тартатынын да қарастырып қойған. Ал екінші үміткер Бекжан Шоқановтың идеясы - «BALBALA» атты жеке балабақша ашу туралы ойы қазылар алқасының көңілінен шықпады. Жобаның бүлдіршіндерге мемлекеттік білім беру, ұлттық сусындар беру, ұлттық аспаптарды меңгерту сынды артықшылықтары болса да, идеяның жүзеге асыру жолында көптеген тосқауылдар тұр. Сондай-ақ Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-дің 4-курс студенті Перизат Мұхаммет балаларға арналған ғылыми-зерттеу орталығын ашуды ұсынды. Оның мұражай, «Планетарий» залы және лабораториядан құралатын орталықты іске қосу идеясы өте күрделі саналып, қазылар көңіліне қонбады. Нәтижесінде, «Ең үздік бизнес-идея» түпқарағандық жас Доғдырхан Ерманованың ательесі атанды. Матадан ұлттық киімдер, кешкі сәнді көйлектер, сөмкелер мен ойыншықтарды сапалы әрі уақытында тігу, жұмыссыз әйелдерді еңбекке тарту сынды ұтымды жақтарымен Доғдырханның мерейі үстем болды. Әділқазылардың шешімімен оған қолдау ретінде 100 000 теңге қаражат бөлінді.