Бозашы түбегінің солтүстік еңісінде орналасқан «Қаламқас» кен орны қазіргі заманғы озық технологиямен жасақталып, өндірістік қуаты тағы бір сатыға көтерілді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі мәлімдегендей, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасындағы электр жабдығының сенімділігін арттырып, электр қуатының іркілісін тежейтін газтурбиналы электрстанция іске қосылып, өндіріс орнына жаңа леп әкелді.
Жарты ғасырлық тарихы бар «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – еліміздегі мұнай-газ саласындағы іргелі кәсіпорындардың бірі. Мұнай және газ кен орындарын барлау, игеру, өнім өндіру және іске асыру сынды негізгі қызметімен бірге, әлеуметтік-тұрмыстық ахуалды арттыруға, ауыл әлеуетін нығайтуға үлес қосып, өндіріске жаңа технологиялар енгізу жағын да ұдайы назарда ұстап келеді.
Айтулы күнде мұнайшылардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі А.Айдарбаев, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Т. Бимағамбетов, ардагер мұнайшы Т. Жұмаев символикалық түймені басып, газтурбиналы электрстанцияны салтанатты түрде іске қосты. «Қаламқас» кен орнында орын тепкен жаңа өндірістік алаңда инновациялық технологияның қолданысқа енгізілу сәтіне «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Сунь Синъюнь, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Б.Иманбаев, «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының бастығы Н.Сәрсенбай және мұнайшылар куә болды.
— «Бүгін облысымыз үшін айрықша маңызды жоба жүзеге асты. Газтурбиналы станциядан өндірілетін электр энергиясы «Қаламқасмұнайгаз» кен орнының ғана емес, басқа да кәсіпорындардың, өндіріс орындарының игілігіне жұмсалады. Жаңа қондырғының тұрақты түрде жұмыс жасап тұруы үшін табиғи газды өндіру көлемін арттыруымыз қажет», — деген облыс әкімі А.Айдарбаев мұнайшылардың қол жеткізген жетістігімен құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі.
Келген қонақтар өндірістік алаңды аралап, газтурбиналы электрстанцияның жұмыс жасау технологиясымен, электр энергиясын өндірудегі мүмкіндіктерімен танысты.
— «Өндіріс орнының технологиялық қажеттіліктерін өтеуге бағытталған газтурбиналы электрстанция жер қойнауындағы табиғи газды пайдалана отырып, кен орнын электр қуатымен қамтамасыз етеді. Станция құрылымына аэродинамика мен технологиялық жанудың ең соңғы заманауи үлгілері енгізілген. Әрқайсысының қуаттылығы қырық бес мегаватт болатын, екі турбинадан тұратын электрстанция газбен жабдықтайтын қарапайым термо-динамикалық әдіспен жұмыс жасайды. Газ қысымын көтеру үшін турбиналар алдынан бұрандалы «ЭЛТАКОН» компрессорлары орнатылған. Электр-станция құрамында алты және отыз бес киловольт бөліп тарататын қондырғы мен қуат көзі желіде мүлде болмаған кезде станцияны іске қосуға мүмкіндік беретін дизельді генератормен жасақталған. Генератор трансформатор арқылы тұтынушыға жететін электр тоғын шығарады. «Сименс» компаниясының қос агрегатының басқару жүйесі толықтай автоматтандырылған. Газтурбиналы құрылғы тәулігіне үш жүз отыз мың, жылына жүз миллион текше метрге дейін табиғи газды энергия көзіне айналдыруға қауқарлы. Соңғы жылдары өндіріс орнында электр қуатына деген сұраныс 4-6 пайызды құрайды. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы осы уақытқа дейін электр тоғын алып келген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі мен «Маңғыстау электр тораптық бөлу компаниясы» АҚ-ның электр қуаты өңірдің қажеттілігіне бағытталатын болады», — деген «Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС директорының орынбасары Н.Қосбаев газтурбиналы электрстанцияның жұмысын атқару үшін қырық жеті жаңа жұмыс орны ашылғанын хабарлады.
Игерілгеніне 35 жыл болған «Қаламқас» кен орнында бүгінге дейін 138 395 603 тонна мұнай өндірілген. Мұндағы теңгерімдік қорлары 638 миллион тоннадан артық болатын 13 өнімді көкжиектердің тереңдігі 725-тен 936 метрге дейін болса, 2071 өндіруші, 674 айдамалау ұңғымалары бар. 1905 адам еңбек ететін кәсіпорында соңғы жылдары жаңа бастамаларды қолға алып, жаңа нысандардың тұсауын кесу қалыпты дәстүрге айналғандай. Атап айтсақ, жалпы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да жаңа технологияларды енгізу 2010 жылдан бастап қолға алынып, қалдық мұнайды бөлу, көлденең ұңғымаларды бұрғылау технологияларының әсерінен мұнай өндіру көлемі 2009 жылғы 5,71 млн. тоннадан 2014 жылы 6,25 млн.тоннаға дейін өскен.
Мамандардың пікірінше, жаңа газтурбиналы құрылғының іске қосылуы табиғи газды аз мөлшерде жұмсауға және қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімі бастаған қонақтар «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқас» кен орнында жуырда пайдалануға берілген полимер айдау зауытында болып, жұмыс қарқынымен танысты.
Полимер айдау зауытының қызметін жүргізіп отырған «Алстрон» ЖШС инженері Қ.Бекетовтың айтуынша, бұрын мұнай алынған ұңғыманы сумен толтырғанда, ол мұнайға араласып кететін. Полимер «қара алтынмен» араласпай, ұңғымада қалған мұнайды шығарады. Алдағы жылдарда полимер айдау арқылы мұнай көлемін арттыруды көздеген өндірістік басқарма басшылары полимердің өзін кен орнынан шығаруды жоспарлап отыр.
Қазыналы өлкедегі ырысты мекен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Қаламқас» кен орнының жетілген, озық технологиямен жабдықталуы өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпін беріп, жылдан-жылға қара алтынды өндіру көлемін арттырып, еліміздің табысын еселей түсуге септігін тигізеді.