$ 448.15  483.46  4.86

Этнографиялық экспедиция — Солтүстік Қазақстанда

«Менің елім — Мәңгілік ел. Каспийден Алтайға дейін» экспедициясы Солтүстік Қазақстан облысына ат басын тіреді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев маңғыстаулық жастармен кездескенде “Менің елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін” атты акция аясында еліміздің барлық өңірін аралап өтуді ұйғарған бастаманы қолдап, ізгі патриоттық шараларға толы жаңашылдыққа тілектестік білдірген болатын. Содан бері мыңдаған шақырым жол жүріп, Қазақстанды мекендейтін халықтардың достығын, мәдениетін, рухани құндылықтарын талмай насихаттап келе жатқан автомобиль колоннасы жексенбі күні ат басын Ғ. Мүсірепов атындағы ауданға тіреді.

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының шекаралық түйіскен тұсында аудан әкімінің орынбасары Алтыншаш Тайшабаева бастаған делегация жорықшыларды гүл шоқтарымен қарсы алды. Шашу шашылып, қоңыр домбыраның үні күмбірлеп, әуелете ән шырқалды. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Рамазанова мен Алтыншаш Жұлдызбекқызы жалпыға ортақ татулық пен келісім құндылықтарына негізделген акция солтүстікқазақстандықтар тарапынан да үлкен қолдау тауып отырғанын жеткізе келіп, ауданның көрікті жерлерімен алып жүрді. Автоэкспедиция жетекшісі Евгений Рыбалко өз сөзінде сапар мақсатын түсіндіріп, нақты мағлұматтар берді. Оның айтуынша, осымен алтыншы, ал теріскейде екінші облыста ұйымдастырылып отырған маңызды шара шеңберінде бес отандық автокөлікпен екі ай ішінде барлық өңірлерді аралайтынын, осының негізінде өз әсерлері жайында фильм түсіріліп, фотокітап шығарылатынын тілге тиек етті. Елбасымыздың республика тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдыратын сындарлы да салиқалы саясатын әр жүрекке жеткізу басты міндетіміз болып табылады. Еліміздің қай түкпірін алсақ та, мақтан ететін өз ерекшелігі бар, бағалы қазбаларға бай. Адамдардың пейілі кең, қолы жомарт, жүрегі жұмсақ. Бәрімізді қастерлі де қасиетті Отан деген ұлы ұғым біріктіреді. Таңдауымыз да, мақсатымыз да айқын. Ол – өркениетті елдердің қатарынан көріну. Туризм саласын өркендетуге сұранып тұрған аймақтың табиғатын, сан алуан түске боялған алтын күздің көрінісін жол бойы тамашалап келдік. Диқан қауымының бітік егін өсірген қажырлы қимылы, ерен еңбегі ерекше сүйсіндірді.

Автоэкспедиция мүшелері Петропавл қаласына аялдады. Ертеңіне еліміздің көк байрағын аспанға желбіреткен олардың салтанатты шеруі Пестрое көлі жағалауынан басталды. Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бас маманы Серік Айдарбеков колонна қатарын толықтыру мақсатымен “Виваго-Лада” ЖШС су жаңа 7 жеңіл көлік қосқанын айтты. Облыс орталығының кең көшелерімен, көрікті жерлерімен жүріп өтті.

Республикалық автоэкспедициясының мүшелері бірлесіп әзірлеген іс-шаралар тізбегі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жалғасып, мазмұндылығымен есте қалды. Мұнайлы Маңғыстау жайлы дискілер, кітаптар таратылып, фильмдер көрсетілді. Фотокөрмелер қойылды.

Біз сөз арасында осы акцияның белсенді ұйымдастырушыларының бірі Сон Паскальды әңгімеге тартып, аз-кем сұхбаттасқан едік. Ол біздің сауалдарымызға қазақша жауап беріп, Қазақ елін екінші Отаны деп санайтынын үлкен мақтанышпен жеткізді. Әсем Алатаудың баурайында 1,5 жыл тұрған, 2,5 жылдан бері Астананы мекен етеді. Ең сүйікті әндері – “Көзімнің қарасы” мен “Құсни-Қорлан”. “Жаным сол”, “Қазақ болсаң”, тағы басқа онға жуық төл әндері бар. Оңаша сәттерде домбыра тартып, демалғанды ұнатады. Қазақстанның “Солтүстік қақпасы” саналатын көне қала оның көңіліне ерекше жылылық ұялатыпты. “Ботай” қонысын мекендеген адамдардың осыдан бес мың жыл бұрын жылқы түлігін қолға үйретіп, қымыз ашытқанын айғақтайтын ғылыми деректер қатты қызықтырыпты.

Құрамында этнографтар, журналистер, менеджерлер, әншілер бар жорықшылардың әңгімелерін жастар аудиториясы жақсы әсермен тыңдады. Ашық сұхбат барысында өскелең ұрпақ өміріне қатысты мәселелер кеңінен сөз болды. Сон Паскальдың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде әуелете салған әндері талайдың құлақ құрышын қандырды.

Тілек кітабына қолтаңбалар қалдырылып, жүрекжарды сөздер жазылды.

Автоэкспедиция мүшелері кеше Көкшетау қаласына аттанып кетті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары