Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына баруы «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» этнографиялық экспедициясының қолға алынуына түрткі болған еді. Қазір жер-жерде осы бастама аясында әртүрлі шаралар ұйымдастырылуда.
Мұндай шараларда жастарға еліміздің сұлулығын паш етіп, оның бірегей табиғатын құрметтеу, отаншылдық сезімін ояту басты назарда ұсталады. Экспедицияға қатысушылар облыс орталықтарында өңірдің туристік, білім және экономикалық ахуалын көрсететін фотокөрмелер мен танымдық шаралар өткізеді. Екі айға жуық уақыт ішінде 5 отандық автокөлік Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шығады. Жоба соңында экспедицияға қатысушылар сапардан алған әсерлері туралы фильм түсіріп, фотоальбом шығармақшы.
Аталған экспедиция Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарын аралап, біздің облысымызға да табан тіреді. Қатысушылар қаланың орталық көшелерінде автошеру өткізіп, еліміздің көк туын желбіретті. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде болып, облыс жұртшылығымен және студенттер қауымымен қауышты. Университет студенттері экспедиция мүшелерін қуана қарсы алып, ақын Қуаныш Оспанов жырдан шашу шашты.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің докторанты Бақтыбай Жайлау экспедиция жастарды өз туған Отаның сүюге негізделген ортақ идеяға топтастыруға үлес қоспақшы екенін айтты. Этнограф, блогшы, журналистер мен фотографтардан құралған бұл топ өңіраралық мәдени байланыстарды да дамытпақшы. Жастар арасында патриотизмді нығайтуда және елдің туристік әлеуетін дамытуда осындай шаралардың маңызы зор екені айқын.
Кездесу барысында фото-көрме ұйымдастырылып, Маңғыстау облысының көрікті жерлері көрсетілді. Экспедиция мүшесі Сон Паскаль қазақ, ағылшын тілдерінде ән салып, жиналған дүйім жұртты тәнті етті. Сондай-ақ, қонақтар «ENKI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында болып, кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Ақмола облысы бо-йынша сапар Бурабай курорттық аймағына саяхатпен жалғасын тапты.