«Менің елім – Мәңгілік Ел». Каспийден Алтайға дейін» экспедициясын қостанайлықтар қарсы алды, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Үш SsangYong Nomad пен екі Toyota Fortuner жүрдек машинасы керуенімен «Менің елім – «Мәңгілік Ел». Каспийден Алтайға дейін» экспедициясының мүшелерін алдымен Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев қабылдап, облыстың тарихы, өңірдің экономикасы мен әлеуметтік, мәдени жағдайы туралы айтып берді.
Экспедиция мүшелері кездесуде бұл сапардың мақсаты туралы сөз етті. Экспедиция құрамындағы журналистер мен этнографтар, тарихшылар мен түркітанушылар, әдебиетшілер халқымыздың алыптарын берген өңірдегі күзгі табиғатқа тамсана қарады. Экспедицияның Қостанай жеріндегі бағдарламасы бай, мазмұнды болды. Олар өздері мінген машиналар керуенімен еліміздің туын көтеріп, Қостанайдың көшелерінде автошеру жасады. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Менің елім – «Мәңгілік Ел». Каспийден Алтайға дейін» экспедициясы эстафетасының тұсаукесері болды. Онда өлкетанушы Марат Өтесінов қазақ халқының мәдениеті, соның ішінде Маңғыстауға ғана тән салт-дәстүрлері туралы баяндаса, түркітанушы ғалым Бекболат Төлегенұлы түрік қағанатының бүгінгі мұрагері – қазақ халқының, ұлы даланың даңқты тарихы туралы, әдебиеттанушы Бақтыбай Жайлау өлке әдебиеті туралы әсерлі әңгімелерін айтты. Ұлыбританиядан келген Италия әншісі Сон Паскаль қазақша және ағылшын, итальян тілдерінде ән шырқап, жастардың көңілін көтерді. Кездесуге қатысушыларға Маңғыстау өңірі, табиғаты, көрікті жерлері туралы түсірілген бейнеролик, фотокөрме ұсынды. Бұл айырықша сапардың мақсаты – Қазақстанның аймақтарындағы мәдени байланысты арттыру.
Экспедиция мүшелері мінген жүрдек машиналар тап Қостанайда құрастырылып жатыр. Олар «Агромаш Холдинг» акционерлік қоғамында болып, «СарыАрқаАвтоПром» кәсіпорнының шетелдік машиналарды құрастыру үдерісін тамашалады.
Экспедиция жетекшісі Евгений Рыбалко: «Менің елім – «Мәңгілік Ел». Каспийден Алтайға дейін» экспедициясы маңғыстаулық жастардың елдік, отаншылдық бастамасы. Күнделікті тұрмыстық кезек күттірмес істерін жинап қойып, 45 күн жолда жүру айтуға ғана оңай тірлік. Бұл нағыз патриотизмнің үлгісі, біз Қазақстанның Тәуелсіздігін, кеңдігін, байлығын және оны көздің қарашығындай бағалау керектігін осындай ісімізбен дәлелдеуді жөн көрдік. Бұл сапарға жарты жыл дайындалдық», – деді.
Экспедиция қонақжай Қостанайда екі күн аялдады. Олар Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейін аралады, І.Омаров атындағы қазақ драма театрында спектакль тамашалады. Ыбырайдың кесенесіне барып, ұлы ұстаздың рухына тағзым етті. Қостанай қаласындағы өндірістік, әлеуметтік, мәдени орындармен танысты. Жастар экспедициясы ертең Қостанайдан шығып, Солтүстік Қазақстан облысын бетке алады.