Ұялы байланыс бөлімшелерінде дүрлігу болып жатыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz
Аталмыш ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ұялы байланыс операторларында адамның қарасы көп. Барлық жерде нөмірлер қайта тіркеуден өтіп жатыр. Кезекте тұрған адамдардың айтуынша, күтіп тұрған бір ер адам талып қалған, оны жедел жәрдем алып кеткен. Ұялы байланыс операторлары қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті азайту үшін нөмірлерді онлайн-режимде немесе баламалы байланыс кеңселерінде тіркеуге кеңес беріп жатыр.
«Адамдар көптеп келуде. Халыққа қызмет көрсетіп үлгере алмай жатырмыз. Тіркеуде жоқ нөмірлерді өшіретіні туралы ақпарат бәрін дүр сілкіндірді», – деді Beeline баспасөз қызметінің жетекшісі Алексей Бендзь. – Адамдар кезекте тұрғанда жүйкесі тозып кетеді. Сондықтан бізде басқа ұсыныс бар. Бастапқыда біздің сайттағы жеке кабинеттен нөмірдің кімге тіркелгенін тексеру керек, сізге тіркелмесе «Азбука связи» салонына жеке куәлігіңізбен бірге келуіңіз қажет. Мұндай салондар еліміз бойынша 100-ден асады. Абоненттердің жалпы есебінде тіркелмеген нөмірлердің саны өте аз, – деді спикер. Ол тіркелмеген нөмірлер 1 желтоқсанда өшірілетін болса да компания айтарлықтай жапа шекпейтінін атап өтті. Сонымен қатар, Бендзь нөмірлерді бұл күннен кейін де қайта тіркеуге болатынын айтты.
Kcell компаниясында да абоненттерді тіркеу процесі белсенді түрде жүруде. «Біздің қызмет көрсету орталықтарымызға келетін адамның саны күн өткен сайын көбейіп келеді», – деді баспасөз қызметінің өкілдері.
Tele2 өкілдері болса абоненттерін алаңдамауға шақырды. Олар абоненттеріне сайттағы өз жеке кабинетіне кіріп, дұрыстап тексеруге кеңес берді. «Тіркеу дұрыс жасалды ма, жоқ па – осы мәселе туындауы мүмкін. Себебі бізде сатылымдар дилерлер арқылы жүрді. Сонымен бірге, тұрғындар бізге нөмірді қайтара тіркеу керек пе деген сұрақ қояды. Біз «Жоқ, олай жасамай-ақ қойсаңыздар болады» деп жауап береміз», – дейді Tele2 баспасөз қызметінің жетекшісі Елена Мухсинова. – Нөмірді онлайн түрде немесе қызмет көрсету орталығына құжатпен келіп тіркелу керек. Соңғы төрт күнде нөмерді қайта тіркеуге өтініштер 10 есе көбейді. Ажиотаж бар, қосымша қызмет көрсету орталықтарын ашу туралы ойланып отырмыз», – деді ол.