21.11.2014, 03:32

Қ.Ақылбековтың еш кінәсі жоқ – адвокат

Сурет, azattyq.org

 ҰҚК ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Қанат Ақылбековтың кінәсін мойындамайтын оның адвокаты Жоғарғы сотқа шағым түсіреді, деп хабарлайды Bnews.kz. 

 

 Бұл туралы  Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі кассациялық «Қазаэронавигация» компаниясының шымкенттік филиалының диспетчері Қанат Ақылбековтың жазасын өзгеріссіз қалдырғаннан соң оның адвокаты Ардақ Балпықов мәлім етті. 

Экс-диспетчер Қанат Ақылбековтың адвокаты Ардақ Балпықовтың айтуынша, тағылып отырған айып негізсіз.

«Ұшақтың апатқа ұшырауына Қанат Ақылбековтың еш кінәсі жоқ екеніне толық сенімдіміз. Сондықтан алдағы уақытта Жоғарғы сотқа шағым түсіретін боламыз», - деді ол сот отырысынан шыққаннан соң.

 Естеріңізге сала кетейік, маусымның 28-інде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы Ақылбековтың шағымын қарап, оған аудандық сот тағайындаған жаза мерзімін алты жылдан төрт жылға азайтқан болатын. Осыған дейін Шымкент қаласы Абай аудандық соты Қанат Ақылбековты «абайсызда екі, не одан да көп адамның өліміне соқтырған әуе көлiгi қозғалысы қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу» бабы бойынша айыпты деп таныған.

2012 жылы 25 желтоқсанда Шымкент маңында шекара қызметінің «Ан-72» әскери ұшағы апатқа ұшырап, бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапқан еді. Қаза тапқандардың арасында Қазақстан шекара қызметінің директоры Тұрғанбек Стамбеков те болған.